Жаңалықтар

МӘМС бойынша стоматологиялық көмекке 34 млрд теңге бөлу жоспарланған

МӘМС бойынша стоматологиялық көмекке 34 млрд теңге бөлу жоспарланған/Фото:shutterstocks

Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттары үшін шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмекті қаржыландыру 6%-ға артты. Яғни 2023 жылғы 32,1 млрд-тан 2024 жылы 34 млрд-қа дейін өсіру көзделіп отыр.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ең өзекті сұрақтарға жауап берді.

МӘМС қаражаттары есебінен кім көмек ала алады?

Стоматологиялық көмек жоспарлы және шұғыл тәртіпте 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі.

Шұғыл тәртіпте азаматтардың жекелеген санаттарына: ҰОС ардагерлеріне; 1, 2, 3 топтағы мүгедектігі бар адамдар; атаулы әлеуметтік көмекті алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер. Инфекциялық, әлеуметтік мәні бар аурулармен және айналасындағылар үшін қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар. Мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын және бала кезінен бірінші топтағы мүгедектігі бар балаға күтім жасаушы жұмыс істемейтін адамдар. Сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар.

Жоспарлы стоматологиялық көмекке не кіреді?

Жоспарлы стоматологиялық көмек – бұл ауыз қуысының, тіс пен қызыл иектің саулығын сақтау үшін операциялық емдеу болып табылады. Атап айтқанда, тұрақты тексерулер, профилактикалық процедуралар. Тісжегіні емдеу, тіс өңезін және тіс тасын алу, химиялық қатайтылған композиттік материалдардан жасалған пломбаны дайындау және салу.

Шұғыл стоматологиялық көмекке не кіреді?

Шұғыл стоматологиялық көмек амбулаториялық деңгейде консультациялық-диагностикалық көмек түрінде де, стационарлық жағдайда да көрсетілуі мүмкін. Бұған күрделі тісжегіні, пульпитті, периодонтитті, альвеолитті ем түрлері кіреді. Сондай-ақ, невралгияны, невритті, стоматиттің өткір түрлерін емдеу, күрделі тісті жұлу жатады. Сонымен қатар абсцессті ашу, одонтогендік жылауықты алып тастау. Жоғарғы-төменгі жақ буынының қисаюын түзету, тістердің бөлінуін уақытша бекіту. Қатерсіз өсінділер мен эпулисті алып тастау. Еріннің, тілдің жүгеншігі пластикасының операциясы да МӘМС қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Егер тексеру нәтижелері бойынша тіс дәрігері амбулаториялық жағдайда көмек көрсету мүмкін емес деген объективті шешім қабылдауы мүмкін. Онда науқастан бас тартуға және оны жедел жәрдем арқылы ауруханаға жіберуге құқылы. Жедел госпитализацияның көрсеткіштері созылмалы одонтогенді және неодонтогенді қабыну ауруларының жедел немесе өршуі. Жақ-бет аймағының жарақаты, қан кету және шұғыл емдеуді қажет ететін шұғыл жағдайлар болып табылады.

Ортодонтиялық көмекті МӘМС жаба ала ма?

Иә. ҚР «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңына сәйкес, ортодонтиялық көмек жақ-бет аумағының туа біткен патологиясы бар балаларға, тіс-жақ аномалияларының әртүрлі түрлері бар аз қамтылған отбасылардан шыққан 6 жастан 12 жасқа дейінгі балаларға көрсетіледі. Атап айтқанда, жақ-бет аймағының туа біткен патологиясы бар балаларға ортодонтиялық алмалы-салмалы аппаратты пайдалана отырып, тіс-жақ ауытқуларын жою үшін аппаратты пайдаланады. Сондай-ақ тіс-жақ ауытқуларының әртүрлі түрлері бар балаларға көрсетіледі.

Қандай стоматологиялық клиникалар МӘМС бойынша әрекет етеді және емхананың учаскелік дәрігерінен жолдама қажет пе?

Жоқ, емханадан жолдама талап етілмейді. Стоматологиялық көмекті емханалар жанындағы стоматологиялық кабинеттен де, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан жеке стоматологиялық клиникалардан да алуға болады. Өзекті тізбені Қордың fms.kz ресми сайтындағы «Медициналық қызметтерді сатып алу – КДҚ жеткізушілер» бөлімінен таба аласыздар. Сонымен қатар 1414 нөмірі бойынша Бірыңғай байланыс орталығына жүгінуге болады.

1 ақпандағы жағдай бойынша МӘМС шеңберінде стоматологиялық көмек көрсететін 838 медициналық ұйыммен шарттар жасалды. Оның ішінде 519-ы – жекеменшік, 319-ы – мемлекеттік меншік нысаны, яғни емханалар мен ауруханалар.

Егер рентгенография өту қажет болса, тістерді емдеуден бұрын дәрілік аллергиялық сынама жасау керек болса, ол үшін МӘМС-тен төленеді ме?

Иә, егер бұл үшін медициналық көрсеткіш болса төленеді. Тіс дәрігерінен консультативтік парақ болған жағдайда тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігер қосымша тексерулерге жолдама бере алады. МӘМС шеңберінде аппликациялық, өткізгіштік, инфильтрациялық анестезия төленеді.