ХВҚ Қазақстан экономикасының болашағы жайлы болжам жасады
Халықаралық Валюта Қоры өзінің соңғы есебінде Қазақстан қаржы жүйесінің тәуекелдері туралы жазған. «Курсив» құжаттағы негізгі тезистерге мән береді.
Қазақстан банктері
Ірі депозиттер Қазақстан жеке банктерінде шоғырланған. Олардың азаюы жеке банктер үшін аса қауіпті. Егер бес ірі салымшы кенеттен өз қаражатын алса, банктердің кем дегенде 25%-ы қаржыландыру тапшылығын сезінеді.
Жеке тұлғаларға кредит беру көлемі қарқынды өсті. Тұтынушылық несиелеу тек екі ірі банкте шоғырланған. 1,5 миллионға жуық қарыз алушының несиелері бойынша 90 күн немесе одан да көп берешегі бар екенін ескеру маңызды. Тұтынушылық несиелердің 40% қарыз сомасы жалақысының 40%-дан астамын құрайтын адамдарға беріледі.
ХВҚ Қазақстанға тұтынушылық кредиттерді қамту саласын қайта қарастыруды ұсынады. Сарапшылардың пікірінше, банктер тұтынушылық несиеге берілген қаржының қандай мақсатта жұмсалғанын бақылауы қажет. Халық ипотека, шағын және орта бизнес немесе мерзімі өткен берешекті өтеу үшін қарыз алмауы керек. Жағдайды бақыламайтын банктер жазалануы керек. Ресми мәліметтерге сәйкес, жұмыс істемейтін несиелер коэффициенті 2022 жылы сектордағы жиынтық портфель мөлшерінің шамамен 3% құрады.
Ірі бизнес
Ірі отандық корпорациялар (Қаржылық емес) негізінен сырттан –тікелей шетелдік инвестициялармен қаржыландырылады. Бұл қазақстандық компаниялардың санкцияларға ілігу мүмкіндігін арттырады.
Қаржы жүйесіне климаттық күн тәртібі де әсер етуі мүмкін. Әсіресе, мұнай-газ өнеркәсібіне әсер ететін жасыл энергетика саласы бар. Қазіргі уақытта ХВҚ мәліметтері бойынша көмірсутектерді өндіру ЖІӨ-нің 20% астамын және ел экспортының жартысынан астамын құрады. Мұнай секторынан түсетін кірістер жалпы табыстың шамамен 35%-ын құрайды.
ҚНРДА және АХҚО үшін ұсыныстар
Сонымен қатар ХВҚ ҚНРДА-ға қаржылық тәуелсіз болуға кеңес береді. ҚНРДА мақсаттары қазір бір–біріне қайшы келеді: бір жағынан банктердің несиелік портфельдерін кеңейтіп, екінші жағынан олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. ХВҚ екінші мақсатқа басымдық беруді ұсынады.
АХҚО-ға келетін болсақ, ол әлі де «шағын», бірақ оның қызметін кеңейту бойынша жоспарлар бар. АХҚО резиденттерге қаржылық қызметтер көрсетуге шектеулерді одан әрі жеңілдетпек. Сарапшылардың пікірінше, бұл реттеу мен қадағалауды қиындатады және қаржылық тұрақтылық үшін қаржылық жанама әсерлердің қаупін арттырады.
Жалпы Қазақстанның қаржы секторы шағын, оның активтері ЖІӨ-нің 60%-ынан астамын құрайды. Банк секторы 21 коммерциялық банктен тұрады, оның жиынтық активтері ЖІӨ-нің 43% және қаржы секторының жиынтық активтерінің 70%-ын құрайды. Банктердің активтері негізінен несиелер мен бағалы қағаздардан тұрады, ал депозиттер міндеттемелердің 80%-нан астамын құрайды. Үш ірі банк сектордың активтерінің шамамен 53% құрайды.
2023 жылы маусымда Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Николя Бланшемен кездесті.
Тараптар ағымдағы ахуалды және ел экономикасының нақты, бюджеттік, қаржы секторларын дамыту жөніндегі шараларды, Қазақстанның орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық саясатының басымдықтарын, Мемлекет басшысы жариялаған құрылымдық реформаларды жүргізуді, сондай-ақ климаттың өзгеруінен болатын зардаптарды жоюға бағытталған шараларды егжей-тегжейлі талқылады.