Астаналық құтқарушылар балаларды далаға шығармауға кеңес берді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
погода
Құтқарушылар балаларды далаға шығармауға кеңес берді / коллаж kursiv.media

Астана қаласы төтенше жағдай департаментінің құтқарушылар балаларды далаға шығармай, қатты қажеттілік туындамаса, ересектерге далаға шықпауға кеңес береді.

«Балаларды далаға шығармаңыз. Мүмкіндігінше өзіңіз де шықпаңыз. Егер қатты қажет болса, туыстарыңызға немесе көршілеріңізге қайда бара жатқаныңызды және қашан оралғаныңызды ескертіңіз. Жалғыз шықпауға тырысыңыз. Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарлардан бас тартуды сұраймыз», – делінген құтқарушылар хабарламасында.

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша, Астана қаласында 9 ақпанда боран, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан және батыстан соққан жел екпіні 15-20 м/с, 23-28 м/с, 9 ақпанда таңертең 30 м/с және одан да көп болады деп күтілуде.

«Қарлы боран мен желдің күшеюіне байланысты Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарына қаладан тыс жерлерге барудан бас тартуды және қырағы болуды, ауа райының өзгеруі, енгізілген шектеулер туралы ақпаратты қадағалауды ұсынады», – делінген хабарламада.

Астанада 9 ақпан күні 0-11 сынып мектеп оқушылары мен колледждердің 1-2 курс студенттері қашықтан оқиды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

«Ауа райының нашарлауына байланысты 2024 жылдың 9 ақпанында 0-11 (12) сынып оқушылары мен колледждердің 1-2 курс студенттері (9-сынып базасында) бірінші ауысымда қашықтан оқытуға көшеді»,– деп хабарлады Астана қаласы Білім басқармасы.

Боранға байланысты Астана әуежайында 72 рейс тоқтады. Бұл жайлы Астана әуежайының баспасөз қызметі хабарлады.

«Астана қаласы әуежайының әуеайлағында 19 м/с жылдамдықпен және екпіні 23 м/с дейін қатты жел соғып тұр. Мұндай ауа-райы ұшақтардың ұшуы мен қонуы кезінде қиындықтар туғызуы мүмкін, сондықтан әуекомпаниялар жолаушылар мен экипаждардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін рейстерді тоқтату немесе кешіктіру туралы шешімдер қабылдайды», – делінген хабарламада.

Әуежай баспасөз қызметінің мәліметінше 8 ақпанға елорда әуежайында 72 рейс жоспарланған. Оның ішінде ұшатын 7 рейс, қонатын 8 рейс тоқтатылған. Сонымен қатар, ұшуы тиіс 6 рейс, ал ұшып келуі тиіс 12 рейс кешіктірілген. Бұл кідірістер мен тоқтатулар қолайсыз метеожағдайлармен және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралармен байланысты.

Сондай-ақ Ақтөбе әуежайында ауа райының қолайсыздығына байланысты кейбір рейстер кейінге шегеріліп, кейбір рейстер тоқтатылды.

«Ауа райының қолайсыздығына байланысты кейбір рейстер тоқтатылып, кейбір рейстердің уақыты кейінге шегерілді», – деп хабарлады Ақтөбе әуежайының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Ақтөбе әуежайының әкімшілігі жолаушыларға ыңғайлы болу үшін сенім телефонын іске қосты. Барлық хабарлама жедел талданып, байланыс орталығының қызметкерлері жолаушыларға рейстің кешігуіне қатысты мәлімет береді.

7 ақпаннан бастап 9 ақпанға дейін еліміздің бірқатар облыстарында ауа райы бұзылатынын жаздық. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол » баспасөз қызметі хабарлады.

«Жетісу, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Павлодар, Қызылорда, Қостанай, Абай, Солтүтсік Қазақстан, Түркістан, Қарағанды мен Ұлытау облыстарында жел екпіні секундына 30 метрге жетеді», – делінген хабарламада.

«ҚазАвтоЖол» ақпаратына сәйкес, желдің күшеюі, қар аралас жаңбыр салдарынан көктайғақ болады. Сондай-ақ таулы аймақтардағы қалың тұманнан көру қашықтығы төмендейді.

«Жол қызметкерлері көктайғаққа қарсы материалдарды дайындап, күшейтілген тәртіптегі жұмысқа кірісті. Дегенмен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін автокөлік қозғалысына уақытша шектеу енгізу мүмкіндігі туралы ескертеміз. Алыс сапарлардан бас тартып, аса қажеттілік болмаса елдімекен аумағынан шықпауларыңызды сұраймыз», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ оқыңыз