Атырауда шенеунік Қазақстан-Ресей шекарасынан тауарларды жедел өткізгені үшін 2 млн теңге алды деген күдікке ілінді
Атыраулық шенеунік Қазақстан мен Ресей шекарасы арқылы тауарларды жедел өткізгені үшін 2 млн теңге алды деген күдікке ілінді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарлауынша, Ауыл шаруашылық министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы пара алу бойынша күдікке ілінді.
«Ол тауарларды Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы шекараларының шектескен учаскесінде Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу кезінде олардың заңды қызметін жедел және кедергісіз жүзеге асырғаны үшін сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардан 2 100 000 теңге сомасында пара алды деп күдіктенеді», – делінген хабарламада.
Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыс прокуратурасының үйлестіруімен «ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясы» ММ басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Хабарламаға сәйкес, қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Жемқорлыққа қарсы шаралар күшейтіледі
Енді қандай да бір лауазымды тұлғаның пара сұрағаны немесе пара алуға келіскені белгілі болса, ол заңмен жазаланады. «Ашық НҚА» порталында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы талқыланып жатыр.
«Заң жобасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған және құқықтық реттеудің жаңа құралдарын енгізу жолымен жүйелі түрде сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу, құқық қолдану практикасында туындаған құқықтық олқылықтар мен коллизияларды жою жөніндегі нормаларды көздейді», – делінген түсіндірме құжатта.
Осыған байланысты, сыбайлас жемқорлық қылмыстар тізіміне параны уәде ету/ұсыну, параны алуға келісу, сонымен қатар параны сұрау немесе талап ету үшін қылмыстық жауапкершілік көздейтін Қылмыстық кодекске жаңа бап нөмірлері ұсынылған. Яғни параны қолына алғаны үшін ғана емес, сонымен бірге алуға ниетті болғаны үшін жаза қарастырлған.
Өзгеріске сәйкес «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» ҚР Заңының 20-2-бабы үшінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшісі лауазымына сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн жұмыстан босатылған адамды тағайындауға тыйым салынады.
Сонымен бірге «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 4-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен танылған адам Парламенттің және мәслихаттардың депутаттығына кандидат бола алмайды.
Жаңа баптарға келер болсақ, Қылмыстық кодекске 247-1-бабы енгізілді. Яғни «Заңсыз сыйақы беру» бабы бойынша «заңсыз сыйақы берген» адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Сонымен бірге кодекске 366-367-баптар да жаңадан енді. Бұл баптарға сәйкес пара ұсынысын немесе уәдесін қабылдау қылмыс деп танылады.
Қылмыстық кодекстің 366 бабы 1 тармағы бойынша пара алуға келісім берген адам «белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырыла отырып, бір мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеумен жазаланады».
Ал 366-2-бап бойынша параны сұрап немесе талап еткен адам «белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады».