Алматыда лай көшкіні болған аумақтағы жер телімінің нысаналы мақсаты заңсыз өзгертілген –депутат
Алматы қаласы әкімдігінің және оның құрылымдық бөлімшелерінің лауазымды тұлғалары мұқият тексерілуге тиіс. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, заңгер Бақытжан Базарбек әлеуметтік желіде мәлімдеді.
Алматы қаласы Медеу ауданы Тау-Самалы шағын ауданында 4 адамның өлімімен аяқталған лай көшкініне қатысты жазбасында біраз жайтты баяндады. Депутат жер телімінің нысаналы мақсаты адамдардың араласуымен, қолдан өзгертілгенін жариялады.
Заңсыз құрылыс
Депутат төтенше жағдай салдарынан жартылай қираған «Сакура Вилладж» тұрғын үй кешені орналасқан жер телімінің нысаналы мақсаты заңсыз өзгертілгенін дәлелдеу үшін жер кадастрынан алынған дерек негізінде жасаған сараптамалық талдауын ұсынды.
«Алматы қаласы, Медеу ауданы, Олимпийская көшесі, 3А мекенжайында орналасқан кадастрлық нөмірі 20-315-903-303, жалпы алаңы 0,1716 га жер телімі Алматы қаласы әкімшілігі басшысының 06.06.1995 жылғы №119/4 қаулысымен гараж қолдану үшін тұрақты пайдалануға берілген. Кейін Алматы қаласы әкімдігінің 2006 жылғы 17 мамырдағы №2/378-2395 қаулысымен көрсетілген жер телімінің нысаналы мақсаты 0,1716 гектар аумақты құрайтын «Бау-бақша өсіруге» өзгертілген. 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 5474 сатып алу-сату шартымен жер телімінің құқығы О есімді азаматтан П есімді азаматқа берілген», – деп жазды мәжілісмен.
Бақытжан Базарбектің түсіндіруінше, қызықтың барлығы осыдан кейін басталады.
«Алматы қаласы жер комиссиясының 2015 жылғы 29 қаңтардағы қорытындысы негізінде нысаналы мақсаты «Бау-бақша өсіру үшін» өзгертілген жер телімі Алматы қаласы әкімдігінің 2015 жылғы 10 сәуірдегі № 2/200-1464 қаулысымен «блокталған тұрғын үй ғимаратын» қолдану мен қызмет көрсетуге ауыстырылады», – деді депутат.
Оның айтуынша, жер-кадастрлық іс материалында Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының 2014 жылғы 29 желтоқсандағы хатында көрсетілген жер телімінде көшелердің ішінара қызыл сызыққа орналасқаны туралы хат бар. Жер телімі толығымен тектоникалық бұзылыста. Терісбұлақ өзенінің су қорғау аймағында, көшкін болуы мүмкін жартасқа жақын беткейде орналасқан. Осыған қарамастан, жер телімінің нысаланы мақсаты өзгертіліп, заңға қайшы әрекет жасалған.
«Жоғарыдағы басқарма жер телімін белгіленген мақсаты бойынша пайдалану мүмкін еместігін анықтап, ықтимал қауіп пен жер телімін беруге болмайтыны туралы мәліметті жер комиссиясының қарауына жіберу керек еді. Комиссия алқа отырысында теріс қорытынды шығаруы тиіс болатын. Бірақ Алматы қаласының жер комиссиясы бұл учаскенің тектоникалық бұзылыста орналасқанын, жыра аймағына жақын және көшкін болуы мүмкін беткейде тұрғанын растайтын Ауыл шаруашылығы ғылымдары басқармасының хатына қарамастан, оң қорытындысын шығарады», – деді Бақытжан Базарбек.
Мәжілісмен Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының 2014 жылғы 29 желтоқсандағы рұқсат бермеу туралы хаты ескерілмегенін айтады. Жер комиссиясы оң қорытынды шығарғанын, әкім жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешім қабылдағанын атап өтті.
«Ең бастысы, заңға сәйкес нысаналы мақсатын өзгерту туралы түпкілікті қорытындыны сәулет органдары жер қатынастары саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп дайындайды. Сәулет органдары жер телімін пайдалану мүмкін еместігін өздері анықтады, сонда олар оң қорытындыны қалай қабылдады?», – деді депутат.
Жер теліміне қатысты мәселе
Бақытжан Базарбек «Жер аманаты» республикалық жер комиссиясы мен Алматы қаласы бойынша Жер ресурстарын басқару басқармасы жер телімінің нысаналы мақсатын өзгертуге қатысты өтінім мен жер теліміне қатысты материалдарды қайта көтеруді жоспарлап отырғандарын айтты.
«Қоғам, халық жер комиссиясының материалдарын кім, қалай бекітіп, қол қойғанын білуі керек. Жер кодексінің 49-1-бабының 4-тармағына сәйкес, жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы жергілікті атқарушы органның шешімі мен жер комиссиясының оң қорытындысы жергілікті атқарушы органның шешімі негізінде қабылданады. Жергiлiктi атқарушы орган жер телімінң нысаналы мақсатын өзгертуден бас тартуды жер комиссиясының теріс қорытындысын алғаннан кейiн 2 жұмыс күнi iшiнде жүргiзедi. Алматы қаласы бойынша жер комиссиясының осындай шешім қабылдауының салдары әкімнің қасақана заңсыз шешім қабылдауына байланысты жасырын келісілген», – деді ол.
Депутат ашық деректе бұл қаулыға Алматы қаласының бұрынғы әкімі Б. Байбек, қала әкімінің орынбасары, жер комиссиясының басшысы Б.Сауранбаев қол қойғаны көрсетілгенін нақтылады.
«Алматы қаласы әкімдігінің және оның құрылымдық бөлімшелерінің лауазымды тұлғаларының әрекеті мұқият тексерілуі тиіс. Жақын арада кадастрлық нөмірі 20-315-903-303 жер телімінде тексеру жұмысын бастаймыз», – деді Бақытжан Базарбек.
Қайғылы оқиға
8 ақпанда Алматы қаласы Медеу ауданы Тау-Самалы шағын ауданында сағат түнгі 2:20 шамасында лай көшкіні жүрді.
«Оқиға орнында «Қазселденқорғау» ММ, Алматы қаласының «109 құтқару қызметі» ММ, Республикалық жедел-құтқару жасағынан, Алматы қаласы ТЖД, ТЖМ 28237әскери бөлімінен, жедел медициналық көмек бригадасынан, Медеу ауданының әкімдігінен 160-тан астам адам және 30 бірлік техника жұмылдырылды», – деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.
Өкінішке қарай оқиға болған түсте лай көшкінінің астында қалған 4 адамның денесі табылды.
«Құтқарушылар оқиға орнынан 1984 жылы туған ер адам мен 1980 жылы туған әйелдің және 2007 жылғы екі жас жігіттің денесін шығарды», – деп хабарлады қалалық Төтенше жағдайлар департаменті.
Алматы әкімі не дейді
Алматыда 8 ақпан күні болған лай көшкінінен кейін тау бөктерінде тұратын қала тұрғындарында алаңдаушылық көбейген. Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Медеу ауданының тұрғындарымен кездесуі кезінде, халықтың көп қозғаған мәселесі тау бөктеріндегі қауіпсіздік болды.
Өз кезегінде қала басшысы Ерболат Досаев тау бөктеріндегі барлық құрылыс тексеріліп, бір ретке келтірілетінін айтты. Президенттің сейсмоқауіпсіздік сақтау туралы тапсырмасын орындау барысында тау бөктеріндегі құрылыстардың қауіпсіздігі тексерілетінін мәлімдеді. Ал 15 градустан асатын жерлерде құрылыс салу мәселесін заңмен шешілетінін, ол талапты айналып өтетін жолдарды жабатын заң қабылданатынын жеткізді.