Қазақстанда бір жыл ішінде орташа айлық жалақы қаншалықты өсті?
Ұлттық статистика бюросы елдегі орташа айлық жалақының мөлшерін жариялады.
Сарапшылар 2023 жылғы III-IV тоқсанды cалыстырып, айлық жалақының орташа мәні 12,3%-ға өскенін, ал нақты жалақы индексі 109,9%-ды құрағанын мәлімдеді. Зерттеуде 2023 жылғы IV тоқсандағы жалақының медиандық мәні
259 463 теңге деп көрсетілді.
Мамандар 2023 жылғы IV тоқсандағы орташа айлық жалақы мөлшерін 2022 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен де салыстырды. Қорытындысында айлық жалақының орташа мәні 16,2%-ға өсіп, нақты жалақы индексі 105,3%-ды құрағанын айтты.
«Өңірлік бөліністе 2022 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 2023 жылдың IV тоқсанында орташа айлық атаулы жалақының ең көп өсуі Ұлытау облысында – 23,5%-ды, Ақмола облысында – 23%-ды, Қызылорда облысында – 20,4%-ды, Алматы қаласында – 20,4%-ды құрады. Ең төменгі өсім Атырау облысында – 6,4% және Маңғыстау облысында – 9,9% болды», – делінді Ұлттық статистика бюросының хабарламасында.
Осыған қарамастан Атырау облысының тұрғындары Қазақстан бойынша ең жоғары жалақы – 591 588 теңге алады. Маңғыстау облысының тұрғындарына ай сайын 559 мың теңге жалақы түседі. Ұлытау облысының азаматтары ай сайын орта есеппен 554 мың теңге табады. Астаналықтарға ай сайын жұмыс орнынан 549 мың, алматылықтар 474 мың теңге жолданады.
Зерттеуде 2023 жылғы IV тоқсанда 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғары өсу көрсеткіші қаржы және сақтандыру қызметінде – 29,7%-ды, ақпарат және байланыс саласында – 23,2%-ды, демалыс, өнер, ойын-сауықта – 20,8%-ды, өнеркәсіпте – 14,1%-ды, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында – 18,2%-ды құрағаны нақтыланды.
Бұған дейін Қазақстандағы орташа айлық жалақы 350 мың теңге екенін жариялаған болатынбыз. Мақалада 2023 жылғы ІІІ тоқсандағы көрсеткішке назар аударылған еді.
2023 жылы ІІІ тоқсанда еліміздегі орташа айлық жалақы 350 542 теңгені құрады. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, бұл көрсеткіш 2022 жылдың ІІІ тоқсанымен салыстырғанда 16,9% артық.
Ал медиандық мәндегі жалақы мөлшері 230 мың теңгенің айналасында. Былтыр ІІІ тоқсандағы медиандық жалақы 197,5 мың теңге болған.
«Қазақстан Республикасындағы жалақының медианалық мәні бағалау бойынша 2023 жылдың III тоқсанында 230 924 теңгені құрады»,– делінген ҰСБ ақпаратында.
2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 16,9 пайыз өскенімен, 2023 жылдың ІІ тоқсанындағы көрсеткіштен 4,1%-ға азайып, нақты жалақы индексі 94,3% құраған.
2024 жылдан бастап ең төменгі еңбекақы 85 мың теңге болды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жасаған Жолдауында мәлім етті.