Қазақстанда QazTrack ақпараттық сервисі арқылы алкоголь өнімін таңбалау мен қадағалау жобасы іске қосылады

Жарияланды

Алкоголь өнімін таңбалау мен қадағалаудың қанатқақты жобасын іске асырудың тәртібі мен мерзімі бекітіледі/kursiv.media

QazTrack ақпараттық сервисі арқылы алкоголь өнімін таңбалау мен қадағалаудың қанатқақты жобасын іске асырудың тәртібі мен мерзімі бекітіледі. Ашық НҚА сайтында Қаржы министрі Мәди Такиевтің бұйрығы жарияланды.

«Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті 2024 жылғы 1 наурыздан бастап 2025 жылғы 1 наурызды қоса алғандағы кезеңде пилотты жобаны жүргізуді қамтамасыз етсін. Жүргізілген пилоттық жобаның нәтижелері туралы есепті 2025 жылғы 31 наурызға дейінгі мерзімде ұсынсын», – делінген бұйрықта.

Атап өтейік, құйылған шарап пен сыра қайнату өнімі таңбаланбайды және қадағаланбайды.

Салық кодексінің «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 68-бабының 1-1-тармағына сәйкес әзірленген алкоголь өнімін таңбалау мен қадағалаудың жалпы ережесінде жобаға алкоголь өнімін өндірушілер, импорттаушылар, көтерме және бөлшек сатушылар ерікті түрде қатысатыны жазылған.

Белгілі болғандай, QazTrack ақпараттық сервисі алкоголь өнімін таңбалау, өндіру, орнын ауыстыру, сақтау және өткізу кезеңдеріндегі барлық операцияны есепке алады.

Таңбадағы 15 белгі

Қазақстан аумағына импортталатын алкоголь өнімін таңбалаудың есептік-бақылау маркасына 15 белгі қойылады. Марканың тоғыз таңбалы нөмірі, көрінбейтін сурет, ультракүлгін сәулемен қаралатын әріптік символика, тангирлік тор, ою жолы әдісімен орындалған «Бәйтерек», әріптердің биіктігі өзгеретін «Қазақстан Республикасы» деген шағын мәтін айрықша белгілердің бірі болады. Арнайы растрлеу әдісімен орындалған ою-өрнек, QR-код, біртіндеп ауысу арқылы кемпірқосақ әсерімен бір түстен екінші түске ауысатын «Ирис орамы», гильошир шекарасы, флекс басып шығарылатын мәтін және белгілі бір әсер ету температурасында түсін өзгертетін арнайы бояу таңба өзгелерден ерекшелендіріп тұрады. Сонымен қатар алкоголь өнімінің сыртындағы таңбада аспаптық санау үшін бояумен жасалған сурет, ыстық өрнектеудің монометальдық голографиялық фольгасы, «Қазақтан» деген жазу және қисаю кезінде «REPUBLIС OF KAZAKHSTAN» мәтіні мен «Күн астындағы бүркіт» суретін өзгертетін голограмма болады.

QR-код шөлмектің қақпағының жоғарғы жағына орналастырылады. Ол интернет-сілтемені қарауға және алкоголь өнімін сәйкестендіру мақсатында таңбалау үшін пайдаланылатын бірегей цифрлық кодты оқуға мүмкіндік береді.

Таңбалау тәртібі

Нормативтік және техникалық құжаттамаға сәйкес, тұтыну ыдысына құйылған алкоголь өнімі есепке алу-бақылау маркасының талабына сай таңбаланады.

Тұтыну ыдысын ашу кезінде оны қайта пайдалануды болдырмау мақсатында есепке алу-бақылау маркасының тұтастығы бұзылатындай етіп, тұтыну ыдысына голограммамен желімделеді. Алкоголь өнімін өндірушілер өндіріс мекенжайы бойынша Қазақстан аумағында сатуға арналған дайын өнімге есепке алу-бақылау маркасын жапсырады. Салық кодексінің 172 бабының 4 тармағына сәйкес, есепке алу-бақылау маркасы жоқ алкоголь өнімі таңбаланбайды.

Өнім қалай қадағаланады?

Алкоголь өнімінің QR-коды бойынша ақпарат сервиске беріледі және QR-кодты сканерлеу арқылы тексеріледі. Талапқа сай болған жағдайда алкоголь өнімі оң баға алып, QR-код іске қосылады. Қазақстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өткенге дейін импорттаушы алкоголь өніміне есепке алу-бақылау маркасын жапсырып, QR-кодты жұмыс тәртібіне енгізеді. Сатып алу-сатуға байланысты және өзге де негіздер бойынша алкоголь өнімін беруді тіркеу клиенттің кабинетінде жеке деректерді тіркеу, көлемі мен бағасын көрсету және алкоголь өнімін сатуға берілген рұқсатты ұсыну арқылы жүзеге асады.

Өндірушілер мен импорттаушыларға есепке алу-бақылау маркасы алудың шарты қандай?

Есепке алу-бақылау маркасын алу үшін өндірушілер мен импорттаушылар сервис арқылы банкнот фабрикасына және мемлекеттік кірістер органына
өтініш береді. Іс барысында өндіруші мен импорттаушы Қазақстанға
өнімді жеткізу кезінде есептік-бақылау маркасын нысаналы пайдалану туралы міндеттемеге қатысты төлем құжатын, банк кепілдігін, кепілгерлік шартын, мүлік кепілі шартын көрсетеді. Қазақстан аумағына импортталатын алкоголь өніміне есептік-бақылау маркасын алу кезінде өндіруші мен импорттаушыда салықтар және бюджетке төленетін міндетті төлем бойынша берешек, сондай-ақ әлеуметтік төлем бойынша қарыз болмауы керек.

Сондай-ақ оқыңыз