Сауд Арабиясы 20 миллиард доллар көлеміндегі Aramco акцияларын қайта орналастыруы мүмкін

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Сауд Арабиясы Aramco акцияларын қайта орналастыруы мүмкін/ Фото: архив kursiv.media

Сауд Арабиясы Saudi Aramco мұнай компаниясының акцияларын қайта орналастыру үшін Citigroup Inc., Goldman Sachs Group Inc. және HSBC Holdings Plc компаниясын тартуға ниетті. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.

Дереккөздердің мәліметінше, орналастыру көлемі 20 миллиард долларға жетуі мүмкін.

Сондай-ақ бірқатар басқа инвестициялық банктермен келіссөздер жүргізілуде. Орналастыру туралы шешім алдағы бірнеше аптада қабылданбақ.

«Қазіргі уақытта Aramco акцияларының мерзімдері мен сату көлеміне қатысты шешімдер қабылданбаған. Сондықтан Сауд билігі бұл процесті кейінге қалдыруы мүмкін», – деп жазды агенттік жеке дереккөздеріне сілтеме жасап.

Сауд Арабиясы 2019 жылы Aramco компаниясын IPO-ға шығарды. Сол кезде шамамен 30 млрд долларға акциялар орналастырды. Уолл-стриттің кейбір ірі банктері IPO-ны ұйымдастыруға қатысты.

Компанияның капиталдандыруы 2 трлн доллардан сәл асады. Сауд Арабиясы үкіметі Aramco акцияларының шамамен 90%-на тікелей иелік етеді. Компанияның тағы 8%-ы тәуелсіз қоғамдық инвестициялар қорының (PIF) басқаруында.

Saudi Aramco акциялары бейсенбі күнгі сауда-саттық қорытындысы бойынша 1,1%-ға арзандады. Соңғы 12 айда олардың құны 4%-ға өсті.

Еске сала кетсек, былтыр маусым айында әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы Сауд Арабиясы мұнай өндірісін қысқартқанын жариялағаннан кейін мұнай бағасы 2%-ға қымбаттады.

4 маусымға дейін тәулігіне 10 миллион баррельге жуық мұнай өндіріп келді. Ал шілдеде бұл көлем 9 миллион баррельге дейін төмендейді. Сарапшылардың айтуынша, аталған елдің бұл ұйғарымы соңғы жылдары қабылданған ең маңызды шешім болды, әрі мұнай бағасына айтарлықтай ықпал етті.

Бірлескен мұнай статистикасы бастамасының (JODI) деректеріне сенсек, тамыз айында корольдіктен экспортталған мұнай көлемі өткен аймен салыстырғанда 7,1 пайызға төмендеген. Көрсеткіштер шілдедегі тәулігіне 6,01 миллион баррельден 5,58 миллион баррельге дейін азайған. Сарапшылырдың айтуынша бұл 2021 жылдың сәуірінен бергі ең төменгі көрсеткіш.

Сондай-ақ оқыңыз