Зеленский Украинаның бас қолбасшысы Залужныйды қызметінен босатты

Жарияланды
Залужный
Фото: president.gov.ua

Украина президенті Владимир Зеленский Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужныйды қызметінен босатты. Оның орнына шығыс майдандағы украин әскерлері тобының қолбасшысы генерал-полковник Александр Сырский Украина әскерінің қолбасшысы болып тағайындалды.

«Бүгіннен бастап Украина Қарулы Күштерін жаңа команда басқарады. Мен генерал-полковник Сырскийді Украина Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы етіп тағайындадым», – деп мәлімдеді Зеленский өзінің видео үндеуінде.

Зеленский Сырскийді «ең тәжірибелі украиндық қолбасшы» деп атады және оның соғыстың басында Киевті сәтті қорғағанын, содан кейін 2022 жылдың күзінде Харьков облысында сәтті шабуыл жасағанын атап өтті.

«Оның қорғаныс тәжірибесінде үлкен жетістіктері бар – ол Киев қорғаныс операциясын жүзеге асырды. Сонымен бірге сәтті шабуыл жасау тәжірибесі де бар. Соның бірі Харьковты азат ету операциясы», – деді Украина президенті.

Ол 2024 жыл Украинаның қарулы күштері үшін табысты болатынын, жетістікке жету үшін тиімді өзгерістер жасалуы керегін айтты. Ал екі жылғы соғыста Ресей әскеріне тосқауыл болып келген генерал Залужныйға алғысын білдірді.

«Мен генерал Залужныйға екі жылдық қорғанысы үшін алғыс айтамын. Бүгін біз армия өзгерістерді қажет ететіні туралы сөйлестік. Мен генерал Залужныйға Украина мемлекетінің командасымен бірге болуды ұсындым», – деді Зеленский.

Бұл ауыс-түйіске АҚШ та пікір білдірді. АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Джон Кирби Вашингтонның әрқашан Украинға қолдау көрсететінін, қандай қолбасшымен болсын, сәтті жұмыс жүргізетінін жеткізді.

Зеленский мен Залужный арасындағы қайшылық

«Залужный жақын арада қолбасшылықтан кетеді» деген ақпарат БАҚ-та бірнеше аптадан бері қозғалып келді. Бұған Украина президенті мен Залужныйдың арасындағы суық қарым-қатынас себеп болуы мүмкін екені айтылды.

Украина халқы Залужныйды Ресейдің басқыншылығын тоқтатып, сәтті операциялар жүргізіп, Ресей әскері басып алған жерлерді қайтарып алған, мықты әскери генерал ретінде таниды. Оның үстіне Залужныйдың ел арасында да, Батыста да танымалдығы артқан.

Залужный мен Зеленскийдің арасында келіспеушліктері бар екенін ресми Киев жоққа шығарған. Десе де, Украина президенті Қарсы шабуыл мен жердегі операциялардың нәтиже бермей жатқанын айтқан.

«Соғыстың екінші жылы жүріп жатыр. Біз Қара теңізде жеңіске жеттік, қыста аман шығып, тағы жеңіске жеттік. Украина аспанын бақылауға алуға болатынын дәлелдедік. Бірақ, өкінішке орай, біз жер бетіндегі мақсаттарға жете алмадық», – деді.

Ол оңтүстік бағыттағы сәтсіздіктер, Донецк облысындағы шайқастардың қиын жүруі қоғамның көңіл-күйіне әсер ететінін атап өтті.

«Биылғы жыл Украина жылы болуы керек, әрбір украин жауынгері бұрынғыдай Украина мемлекеті, Украина армиясы жеңіске жетуге қабілетті екенін білуі керек»,– деді Украина президенті.

Өз кезегінде Залужный «Экономист» басылымына берген сұхбатында мұны мойындады. Әсіресе, украиндық шабуыл ел күткендей нәтиже бермегенін айтты. Ол ұзаққа созылған ұрыс орыс әскерін ауыр шығынға ұшыратып, әлсіретеді деген болжамның қате болғанын айтқан.

Украинаның жеңіске жетуіне Батыстың позициясы мен қару-жарақтардың жеткізілуі және елдің саяси басшылығына қатысты болатынын мәлімдеген.

Украина сарапшылары бұл ауыс-түйісті қателік деп санайды. Өйткені Залужныйдың Украинадағы беделі жоғары. Ел халқының 96 пайызы да Украина әскеріне үлкен сеніммен қарайды.

Сондай-ақ оқыңыз