Жаңалықтар

Жасанды интеллектің дамуы мамандықтардың жоғалуынан гөрі, жұмыс орындарының трансформациясына алып келеді

Жасанды интеллектің дамуы жұмыс орындарын трансформациялауға әкеледі/kursiv.media

Жасанды интеллект (ЖИ) тақырыбын зерттеп жүрген IT маман, журналист Мейіржан Әуелханмен әңгімелесіп, ЖИ төңірегінде мейлінше өнімді жауап алуға тырыстық.

Мейіржан, ең алдымен, бізге жасанды интеллектің не екенін, оның құрылымы қалай жасалатынын айтып бере аласыз ба? Адамзат баласы өздігінен ойланып, ақылға қонымды мәтін мен сурет құрастыра алатын, түрлі талдаулар мен болжамдарды жоғары деңгейде жасай алатын ЖИ жүйесін ойлап табу деңгейіне қалай көтерілді?

– Жасанды интеллект – адамның ойлау қабілетінің кейбір аспектілерін эмуляциялайтын компьютерлік жүйелер мен бағдарламалардың жиынтығы. Жасанды интеллект құрылымы түрлі компоненттен тұрады: деректер жинақтайды және өңдейді. Бұл деректер жүйені оқыту үшін пайдаланылады.

Өңдеу алгоритмдері деректерден үйренеді және мәлімет талдау, болжам жасау және шешім қабылдау үшін қолданылады. Келесі компоненті – машиналық оқыту (МО). ЖИ-дің бұл маңызды бөлігінде модель деректерден үйренеді. МО-да бақылаулы және бақылаусыз оқыту, күшейтілген оқыту сияқты көптеген әдістер бар. МО-ның терең оқыту дейтін бір түрі бар. Онда көп қабатты нейрондық желілер деректерден күрделі қабаттар арқылы жұмыс жасауды үйренеді. Сонымен қатар ЖИ тілді түсіну және оны қолдану үшін табиғи тілді өңдеу (ТТӨ) технологияларын қолданады.

ЖИ жүйелерін ойлап табуға дейін адамзат бірнеше саты мен деңгейден өтті. Жылдар бойы компьютерлік қуатты арттырды. Өте күрделі есептеулерді орындау үшін қажетті қуат пайда болды. Одан кейінгі фактор – үлкен деректер. Ол ЖИ-ді оқыту үшін қолданыла бастады. Өз кезегінде алгоритмдік жетістіктер, яғни жаңа алгоритмдер мен математикалық модельдер ЖИ тиімділігін арттырды.

Бүгінде ЖИ өз бетінше ойланып, шешім қабылдауға, сурет пен мәтін құрастыруға, түрлі талдау мен болжамдарды жасауға қабілетті.

Жасанды интеллектің қауіпті тұстары

Бізге ЖИ-ді реттейтін заң қажет пе?

– ЖИ-ді реттейтін заңның қажеттілігі туралы сұраққа иә деп жауап беремін және бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, қауіпсіздік пен жауапкершілік үшін керек. ЖИ жүйелерінің қателіктері мен кейбір нормаларды бұзуы адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Заңдар бұл жауапкершілікті анықтауға және ЖИ қауіпсіздігінің стандарттарын белгілеуге көмектеседі. Екіншіден, құпиялылық және деректерді қорғау керек. ЖИ жүйелері жеке деректерді өңдеу үшін қолданылады. Бұл құпиялылық мәселесін тудырады. Заңдар деректерді қорғаудың нормаларын белгілеуге және пайдаланушылардың деректерін қорғауға көмектеседі.

Үшіншіден, ЖИ жүйелері алгоритмдік құрылымға, ықпал етуші факторларға байланысты адамдарға қатысты кемсітушілік пен бейтараптық мәселесін тудыруы мүмкін. Заң ЖИ жүйелерінің әділ және бейтарап болуын қамтамасыз етеді.

Төртіншіден, ЖИ өз қабілетінің арқасында әлеуметтік және этикалық мәселелерді тудыруы мүмкін.

Бесіншіден, ЖИ технологиялары шекараларды анықтай алмайды. Сондықтан халықаралық стандарттар мен келісімдердің болуы маңызды. Бұл әр елде ЖИ-дің қолданылуына байланысты мәселелерді шешуге сеп болады. Осылайша, ЖИ-ді реттейтін заңдар қоғамның, экономиканың және жеке тұлғаның қауіпсіздігін, құқығы мен мүддесін қорғайды.

Қазақ тіліндегі ChatGPT әзірлеуде қиындықтар болуы мүмкін

Бағдат Мусин ChatGPT-дің қазақстандық аналогы (қазақ тіліндегі) пайда болатынын айтты. Бұл ретте мемлекет ескермей қалуы мүмкін қандай тәуекелдерді айтасыз?

– Қазақстанда ЖИ-ге арналған, әсіресе, қазақ тіліндегі ChatGPT сияқты аналог әзірлеу жобасы барысында нақты бірнеше мәселеге тап болуымыз мүмкін. Қазір оларды жіктеп көрейін. Біріншіден, тілдік ресурстар жеткілікті емес. Тілдік модельдерді дамыту үшін ЖИ жүйелері үлкен көлемде және сапалы деректерге мұқтаж. Қазақ тілі салыстырмалы түрде қор дерегі бар тіл емес. Жеткілікті және сапалы деректер базасын жинақтау үшін бізге көп жұмыс істеу қажет. Егер орыс тілінде жасасақ, онда өніміміз қазақтың емес, рунеттің дамуына қосқан үлес болып саналады.

Екіншіден, ЖИ-дің жоғары деңгейлі модельдерін дамыту және оларды жұмыс істету үшін күшті компьютерлік ресурстар қажет. Бұл ресурстарды қамтамасыз ету қаржылық және технологиялық инвестицияларды талап етеді. Бірқатар тәуекелдерді жоғарыда да айтып өттім. Осының бәріне қарамай ChatGPT сияқты аналог әзірлей бастасақ, онда қазақ тіліндегі ЖИ өнімдерінің дамуы қарқын алады. Тілдік әралуандықты қолдауға және қазақ тіліндегі цифрлық контентті кеңейтуге көмектеседі. Бұл жұмыс жергілікті қажеттіліктерге және мәдениетке бейімделген ЖИ шешімдерін ұсынады.

Алайда ЖИ саласындағы басқа бағыттарға да – өнеркәсіп, қала құрылысы, ауыл шаруашылығындағы инновацияларға да инвестиция салуға болады.

Жасанды интеллект қай салалар үшін тиімді

ЖИ негізінен қай салаларда пайдалы болуы мүмкін? Кейбір сарапшылар оның тәуекелдерді талдай алу, нарыққа болжам жасай алу қабілеті, әсіресе, қаржы секторы үшін оңтайлы болады дегенді айтады.

– Өз басым ЖИ-дің тек қаржы секторымен байланысты болғанын қаламаймын. Қазақстан сияқты елде ЖИ келесі салаларда да маңызды рөл атқара алады:

Ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыру, ауа райы болжамын жасау, өсімдіктердің ауруын анықтау және дақылдарды басқаруда пайдаланылуы мүмкін. Өндірістік процестерді автоматтандыруда, сапаны бақылауда және өндіріс желілерінің тиімділігін арттыруға көмек бере алады. Сондай-ақ өнеркәсіп секторында қауіпсіздікті жақсартуға ықпал етуі мүмкін.

Медицинада диагностикалық құрал ретінде, дәрі-дәрмектердің жаңа түрін зерттеуде және науқастардың медициналық деректерін талдауда пайдалы болар еді. Білім беру саласында оқу материалдарын жекелендіруге, оқу процесін жақсартуға және білім берудің сапасын арттыруға көмектеседі.

Логистикалық операцияларды жоспарлауда, тасымалдау жүйелерін басқаруда және жеткізу желілерін оңтайландыруда қолданылуы мүмкін. Бұл саладағы ЖИ шешімдері тасымалдау уақытын қысқартады және өнімділікті арттырады.

Электр станцияларының тиімділігін еселеу, энергия тұтынуды болжау және жаңғырмалы энергия көздерін басқару бойынша да үлкен әлеуетке ие.

Тағы бір қызығы, келешекте оқып, өзін дәйім жетілдіріп отыратын ЖИ жүйелері пайда болатыны айтылып жүр. Бұл түптеп келгенде адамзатқа қауіп төндірмей ме?

– ЖИ-дің өздігінен оқып, жетілдірілетін жүйелерінің пайда болуы туралы идея, әрине, қызықты. Меніңше, автоматтандырылған жүйелер мен роботтардың кеңінен қолданылуы көптеген дәстүрлі жұмыс орындарының жоғалуына әкелуі мүмкін.

Фильмдердегі сияқты ЖИ мен адамдар арасындағы күрес сценарийлері көп жағдайда ғылыми фантастиканың элементтері және нақты өмірге тікелей балама бола алмайды. Дегенмен ЖИ дамуын реттеуде және оның қолданылуында этикалық және құқықтық аспектілерді ескеру маңызды.

Жасанды интеллектің болашақтағы рөлі

Қазақстан ЖИ жаңалығына, ЖИ арқылы туындайтын бәсекелестікке дайын ба?

– Бұл жағынан мен өте оптимист адаммын. Тек ЖИ жағындағы бәсекелестік қана емес, ІТ саладағы жетістіктерімізге өте жақсы баға беремін. Ең маңыздысы – білікті мамандарды даярлау. Бұл үшін университеттер мен техникалық колледждер ЖИ, бағдарламалау, деректер ғылымы және технологиялық инновациялар бойынша білім беру бағдарламаларын күшейту қажет. Сонымен қатар қазіргі жұмысшыларға қажетті қайта оқыту мен дамыту бағдарламаларын ұсыну, ЖИ саласындағы зерттеулерге инвестиция салу, оларды қолдау және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамыту Қазақстанның бұл салада бәсекеге қабілетті болуына көмектеседі.

ЖИ мүмкіндіктерін пайдаланатын және басқаларға тиімді үйрете алатын мамандар тобын даярлауға көңіл бөлу керек пе әлде адамдар мұны бірте-бірте өздері-ақ игеріп кете ме?

– Жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланатын және басқаларға тиімді үйрете алатын мамандар тобын даярлауға көңіл бөлу өте маңызды. ЖИ саласындағы өзгерістер өте жылдам жүреді және бұл өзгерістерге бейімделу үшін адамдарға қажетті білім мен дағдыларды меңгеру керек. Тиісті оқыту мен даярлау бағдарламаларынсыз адамдардың жаңа технологияны өз бетінше тиімді игеруі қиынға соғады. ЖИ мамандарының тобын даярлау арқылы көптеген игі мақсатқа қол жеткізер едік. ЖИ саласындағы мамандар жаңа өнімдер мен қызметтерді әзірлеуге, сондай-ақ кәсіпкерлік жобалар мен стартаптарға көмектесе алады. Сонымен бірге ЖИ-ді жақсы түсінетін мамандар қоғамда бұл технологияның қолданылуына, мүмкіндіктеріне және шектеулеріне қатысты дұрыс түсінік қалыптастыра алады.

Сіздің сайт құру, IT қызметтерді ұсыну, компьютерлік бағдарламалау саласында табысты еңбек етіп жүргеніңізді білеміз. Соңғы кезде ЖИ туралы жиі айтып жүрсіз. Дәл осы жасанды интеллект бойынша көмегіңізге жүгінген кәсіпорын, компаниялар бар ма?

– ЖИ бойынша көмегіме жүргінген бірнеше компания, ұйымдар болды. Біз ЖИ-ді компаниялардың маркетинг саласына қолдандық. Соңғы кезде түрлі елдердің елшіліктері, қоғамдық қорлар тарапынан семинарлар ұйымдастырылып, сол арада спикер ретінде қызмет жасап жүрмін. Семинарды басында өз әріптестеріме, журналистерге өткіздім. Кейін бизнес өкілдеріне арнай бастадым. Қазір білім саласында ЖИ-ді қолдану бойынша ауқымды жұмыс әзірлеп жатырмын. Бірінші кезекте олардың ЖИ-дің мүмкіндіктерін түсінуі, оны дұрыс қолдануы қызықтырады.

Жасанды интеллектің еңбек нарығына әсері қандай болмақ

ЖИ болашақта қандай маман иелерін еңбек нарығынан ығыстырып шығаруы ықтимал?

– ЖИ-дің кейбір мамандықтарды «ығыстыруы» деген сөз толықтай жоғалту дегенді білдірмейді. Мысалы, ЖИ дизайнерлер мен суретшілерге көмектесе алады. Бірақ олардың шығармашылық ойлауы мен эстетикалық түсінігін алмастырмақ емес.

ЖИ-дің ықтимал ығыстыратын немесе өзгертетін кейбір мамандықтары ретінде деректерді енгізу операторларын, телефон операторларын, бухгалтерлер мен аудиторларды, бағдарламашыларды, аудармашылар мен корректорларды, тасымалдау қызметкерлерін айтуға болады. ЖИ-дің дамуы мамандықтардың жоғалуынан гөрі, жұмыс орындарының трансформациясына алып келеді. Бұл мамандарға бейімделу, өз дағдыларын жаңарту және ЖИ технологияларымен бірлесе жұмыс істеу қажеттілігін туғызады. Сондай-ақ ЖИ жаңа мамандықтардың пайда болуына да ықпал етеді. Мысалы, ЖИ-ді дамытушылар, ЖИ этикасы жөніндегі сарапшылар және ЖИ деректерінің инженерлері.

Қазір суретті анимацияға айналдыратын, адамның сөйлеп тұрған видеосын дауыс ырғағын сақтай отыра басқа тілге тәржімалайтын, басқа да түрлі мүмкіндікті игерген нейрожелілер пайда болып жатыр. Бұл жақын перспективада біздің коммуникациялық, рухани өмірімізге қаншалықты кірігеді деп ойлайсыз?

– ЖИ негізіндегі аударма және субтитрлеу құралдары арқылы әр тілде сөйлейтін адамдар арасындағы кедергілер азаяды. Бұл әлемдік қоғамдастықты жақындастыра түседі. Түрлі мәдениеттер арасында түсіністікті арттырады. ЖИ негізіндегі технологиялар (мысалы, чат-боттар немесе виртуалды көмекшілер) жеке және кәсіби өмірде қарым-қатынас процестерін жеңілдетуі мүмкін. Олар күнделікті міндеттерді орындауға көмектеседі. Уақытты үнемдейді және тиімділікті арттырады.

ЖИ негізіндегі құралдар шығармашылық үдерістерге жаңа өлшемдер қосады. Мысалы, суретші, музыкант және жазушы ЖИ-ді өз жұмыстарында шабыт ретінде қолдануы мүмкін. Бұл өнер туындыларының жаңа формаларын жасауға жол ашады.