Жаңалықтар

Атырау облысында бірнеше ауылды су басу қаупі бар

shutterstock
Атырау облысында бірнеше ауылды су басу қаупі бар / shutterstock

Атырау облысында Миялы, Сағыз, Мұқыр ауылдарын су басу қаупі бар. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бұған күннің күрт жылып, қар еріп, жаңбыр жауғаны әсер етіп отырғанын хабарлады.

Атырау облысындағы Сағыз ауылы арқылы ағатын Ноғайты өзенінің арнасы көтерілді. Ал Мұқыр ауылындағы сай кешелі бері тасып жатыр. Екі ауыл да Қызылқоға ауданында орналасқан. 

«Қызылқоға ауданындағы Миялы, Сағыз ауылдарына су басу қаупі төнетіні анықталды. Миялы ауылындағы көшелердің су басуы мүмкін тұсынан қар шығарылды. Ал Ақтөбе облысында қар мөлшерінің көптігінен Ноғайты өзені арнасына тасу қаупі төнген болатын. Осыған байланысты Сағыз ауылындағы өзен жағасы бекітіліп, Н.Абдуллин көшесі бойында орналасқан тұрғын үй тұсына қосымша топырақ төселді. Өзен жағалауы бекітілді», – деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы. 

9 ақпанға қараған түнде қар жауып, жауын-шашын болған. Соның салдарынан Ноғайты өзенінің арнасы көтеріліп жатыр. 

Қазір Сағыз ауылдық округінде №12 өрт сөндіру бөлімінен 7 адам, 1 мотопомпа, жергілікті атқарушы органнан 8 адам, 1 вакуум, 1 мотопомпа, 1 жүк тиегіш техника су қаупінен қорғау жұмысы жүргізіп жатыр.

Биылғы ақпан-наурыз айларында Қазақстанның 12 облысында ауқымды су тасқыны болуы мүмкін. Бұл туралы ТЖ Министрі Шыңғыс Әрінов мәлімдеді. Оның айтуынша, 2023 жылдың желтоқсан айында жауған жауын-шашынның көп мөлшері су басудың себебі болуы мүмкін.

«Іс жүзінде көп қар болған жоқ. Болған қардың суы жерге сіңіп кетті. Бірақ біз су тасқыны болуы мүмкін деп болжап отырмыз. Су тасқыны ақпан айының соңында оңтүстік өңірлерде, ал наурыз айының басында солтүстік өңірлерде болуы мүмкін. ТЖМ мен орталық атқарушы органдар көктемгі су тасқыны кезінде төтенше жағдайдың алдын алу шараларын жүзеге асырып жатыр», – деді министр ОКҚ брифингінде.

Брифингте ТЖ алдын алу департаментінің бастығы Рустамбек Амрин де сөз сөйледі. Ол су тасқынының жоғары қаупі ақпан-наурыз айларында Қазақстанның 12 өңірінде: Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында. Сондай-ақ Абай мен Ұлытауда болуы мүмкін деп хабарлады.

Орташа қауіпті аймақтарға Жетісу облысы, Жамбыл және Павлодар облыстары. Ең төменгі қауіпті өңірлерге — Маңғыстау және Қызылорда облыстары жатады.