Азия ойындарына сапасыз киім сатып алған шенеуніктердің үстінен тергеу басталды
2022 жылы Азия ойындарына сапасыз киім сатып алған Туризм және спорт министрлігінің шенеуніктері аса ірі мөлшерде ұрлық жасады деген күдікке ілінді.
Қаржы мониторингі агенттігі елордалық департаментінің хабарлауынша, Туризм және спорт министрлігі жанындағы Спортты дамыту дирекциясының лауазымды тұлғаларына қатысты аса ірі мөлшерде ақша ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
«2022 жылы Қазақстан құрамасының Азия ойындарына қатысуы үшін Қытайда жасалған сапасы өте төмен спорттық аяқ киім мен рюкзактар сатып алынды. Бұл ретте оның құны үш есе көтермеленген»,– делінген хабарламада.
Сонымен қатар жеткізуші аталған тауардың отандық өнім екені жайлы жалған құжаттарды ұсынған. Салдарынан мемлекетке 383 млн теңге шығын келген.
Қазақстан құрамасының өкілдері бұған дейін берілген жабдықтардың сапасына шағымданып, оны бір реттік деп атаған болатын. Сот санкциясымен Дирекция басшысының орынбасары қамауға алынды.
2023 жылдың қазан айында Президент Қазақстанның Азия ойындарындағы көрсеткіші «өте жақсы болуы мүмкін еді» деп мәлімдеді. Мемлекет басшысы барлық спорт түрі бойынша кеткен қателіктерді түзету үшін ауқымды жұмыс атқару қажет екеніне назар аударды.
Тоқаев Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдады. Президент спортшыларды Азиада ойындарында алған 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медалімен құттықтаған. Дегенмен көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін еді деп атап өтті.
«Алайда еліміздің жалпы көрсеткіші өткен Олимпиада мен Азиада ойындарынан да өте жақсы болуы мүмкін еді. Мұны ашық айтуымыз керек. Бокс, ауыр атлетика, еркін және грек-рим күресі дәстүрлі түрде ел құрамасының қоржынына жүлде салып, айтарлықтай үлес қосатын. Жеңіл атлетика, спорттың командалық түрлері жанкүйерлерімізді көбірек қуанышқа бөлейтін. Барлық спорт түрі бойынша кеткен қателіктерді түзету үшін ауқымды жұмыс атқару қажет», – деді Президент.
Осы ретте Тоқаев ел спортына түбегейлі реформа керек екенін айтты. Азиададағы нәтиже мемлекеттен бөлініп жатқан қаражаттың барынша тиімді жұмсалмайтынын байқатқанын айтып өтті.
«Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Спорт саласына түбегейлі өзгерістер, яғни реформа қажет. Тиісті министрлік осы мәселені жан-жақты қарап, спортты дамытудың мүлде жаңа жолдарын ұсынуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, ең алдымен, кәсіби спорт түрлеріне бөлінетін қаражаттың қайтарымын түбегейлі арттыруға көңіл бөлген жөн. Өңірлердің ерекшеліктеріне сәйкес нақты спорт түрлеріне баса назар аударып, қаржыны негізсіз жұмсау тәжірибесін тоқтату қажет. Сонымен қатар бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамытуға көңіл бөле отырып, аталған саланы қаржыландыру моделін қайта қараған дұрыс.