Қазақстандағы жалақы өсімі экономикалық өсімнен екі есе төмен – Halyk Finance
Halyk Finance сарапшылары 2023 жылдың IV тоқсанындағы жалақы өсімі экономикалық өсімнен екі есе төмен болды деп тұжырымдайды.
Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы жалақы өсіміне қатысты бұндай сәйкессіздік 10 жылдан бері байқалып келеді. Жалақы мен ЖІӨ өсімі арасында ешқандай корреляция жоқ. Тіпті кейде әртүрлі бағытта өсіп, Қазақстан экономикасындағы құрылымдық түйткілдерді байқатады. Кейде нақты жалақы өндіріс көлемінің төмендеуіне жауап ретінде өсуі мүмкін.
Ресми статистикаға сүйенсек, 2023 жылдың IV тоқсанында орташа айлық 393,6 мың теңгеге жетіп, 162%-ға өскен. Ал орташа жылдық жалақы 2022 жылғы 308 мың теңгемен салыстырғанда 2023 жылдың аяғында 360,8 мың теңгені құрады (номиналды өсім 17,1%).
Бірақ нақты мәнде 2,6% ғана өсім көрсеткен. Бұл кезеңде жалпы ішкі өнім 5,1 пайыз өскен. Яғни жалақының өсімі ел экономикасының өсіміне ілесе алмай келеді.
Ұлттық банк Қазақстанның 2023 жылғы экономикалық өсімін 5 пайызға бағалаған еді.
Сарапшылар соңғы жылдары жалақының номиналды және нақты өскеніне қарамастан, әлемдік стандарт бойынша әлі де төмен екенін айтады. Мұндай жалақы әртараптандырылған тұтынуға жеткілікті табыс деңгейін қамтамасыз ете алмайды. Тапқан табысының 50%-дан астамы азық-түліктен тұратын қарапайым тұтыну құрылымы кәсіпкерлер мен жеке секторды сапалы экономикалы өсім қамтамасыз етуге тиіс күрделі және әртараптандырылған өндіріске ынталандырмайды.
Сондықтан Halyk Finance сарапшылары 2023 және өткен жылдардағы экономикалық өсім жалақы мен отбасы табысының тиісті өсіміне ықпал ете алмағанын айтады.
Салалар бойынша алсақ, білім беру, құрылыс, тұру және тамақтандыру секторындағы айлық біршама төмендеген. Ал ақпарат және байланыс, қаржы, көлік және мемлекеттік басқару салаларында айтарлықтай өсті. Бұл салаларда жалақының артуына мемлекеттік саясат ықпал еткен. 2022 жылдан бері жоғарылатылған түзету коэффициенті қолданылып келеді.
Halyk Finance бұған дейін Қазақстан халқының жартысына жуығы 85 мың теңгеден де аз табыс табатынын жазған.
«Қазақстан халқының экономикалық теңсіздігі» деген шолуына сүйенсек, елдегі байлардың қатары халықтың 10 пайызын ғана құрайды. Ал ел байлығының 60 пайызы осы 10 пайыздың иелігінде. Бұл көрсеткіш республиканы байлық теңсіздігі бойынша Африка елдерімен бір қатарға қояды.