Жаңалықтар

Қазақстан орман өртінен 182 млрд теңге залал шегіп, 100 мың гектардан астам орманынан айырылды

Қазақстан орман өртінен 182 млрд теңге залал шеккен/kursiv.media

Қазақстанның барлық өңіріне орманды автоматты режимде бақылайтын жүйе енгізу қажет. Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутат Еділ Жаңбыршин айтты.

«Соңғы 2 жылда Қазақстан аумағында 2 ірі орман өрті болды. 2022 жылы Қостанай облысының аумағындағы өрт 40 мың гектарға жуық орман аумағын құртқан. 2023 жылы Абай облысында тілсіз жау 63 мың гектар орман алқабын жалмап кетті», – деді Еділ Жаңбыршин.

Мәжілісмен соңғы 2 жылдағы екі ірі орман өртінен Қазақстан 182 млрд теңге залал шегіп,
100 мың гектардан астам орманынан айырылғанын айтты.

«Орманды қалпына келтіруге кем дегенде шамамен 20-30 жыл уақыт кетеді. Ал бұл шараға 150,9 млрд теңге қажет. Яғни жалпы шығын шамамен 384 млрд теңгені құрап отыр», – деді Еділ Жаңбыршин.

Депутат 2023-2027 жылдар аралығында елдегі барлық орман шаруашылығының
материалдық-техникалық жағдайын жақсарту үшін 68 млрд теңге қажет екеніне назар аударды.

«Жалпы шығын қажетті сомадан 5 жарым есе асып тұр. Үкіметтің қажетті соманы тез арада тауып, барлық материалдық-техникалық базаны жаңартып алғаны тиімді емес пе? Бұл – мемлекет үшін де, табиғат үшін де пайдалы болмақ», – деді мәжілісмен.

Еділ Жаңбыршин 2023 жылғы қыркүйекте президенттің Экология және табиғи ресурстар министріне берген ведомстволық бағынысты ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту және ұлттық парктерге орман өртінің ошағын алдын ала анықтау жүйесін енгізу туралы тапсырмасы тиісінше орындалмай жатқанына назар аударды.

«Бүгінгі баяндамалардан президенттің тапсырмасын орындау бойынша жұмыс басталғанын көріп отырмыз. Алайда осындай ахуалға алып келген кейбір жүйелі мәселелер толық шешімін тапты деп айту қиын. Егер оларды түзетуді қазір қолға алмасақ, алдағы уақытта өрттің қайталануы әбден мүмкін», – деді депутат.

Өртке қарсы күресте оның шығуын ерте анықтау және жедел әрекет ету маңызды. Бұл өртті дер кезінде сөндірудің алғышарты саналады.

«Үкімет сағатына дайындық аясында комитеттің бір топ депутаты орманды тәулік бойы автоматты режимде бақылайтын, орман өртін анықтау жүйесімен танысу үшін Бурабай ұлттық паркіне бардық. Жүйені енгізу соңғы 3 жылда, 2020-2022 жылдар аралығында өрт ауқымын 4 есеге, 84,4 гектардан 20,4 гектарға дейін, өрт ошағына щұғыл ден қою уақытын 3 есе, 30 минуттан 10 минутқа дейін төмендетуге мүмкіндік берген», – деді Еділ Жаңбыршин.

Депутат СҚО және Қостанай облыстарының орман мекемелерінде бейнебақылау жүйесі заман талабына сай емес екенін мәлімдеді.

«Өкінішке қарай, бұл жүйе барлық орманда енгізілмеген. Биыл «Семей орманы» қорығы аумағында өртті ерте анықтау жүйесін енгізуге қажет 4,1 млрд теңге қолдау таппай отыр. Жаңа үкімет бұл мәселеге қолдау білдіріп, тиісті министрліктер мен әкімдіктер осындай жүйені өңірлерде енгізу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыруы қажет», – деді мәжілісмен.

Ол орман шаруашылығын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету өзекті мәселе болып тұрғанына тоқталды. Оның айтуынша, бұл мәселе әлі де өзекті және шұғыл шешуді қажет етеді.

Еділ Жаңбыршин Мәжілісте ұсынылған ақпаратты алға тартып, өрт сөндіруге арналған көлік паркі мен орман шаруашылығы жабдықтарының сапасы сын көтермейтініне көз жеткізгенін жариялады.

«Абай облысында болған өрт талдауы көрсеткендей, арнайы техника өрт орнына жете алмады. Өйткені техника паркі өткен ғасырдың 70-80 жылдары шығарылған көліктерден құралған, материалдық-техникалық база ішінара болса да жаңартылмаған. Осының салдарынан қорық 2023 жылы орын алған өртті дер кезінде сөндіруге дайын болмай шықты. Прокуратураның мәліметі бойынша, Шығыс Қазақстан облысының орман шаруашылығын жабдықтау 40% деңгейінде. Қазіргі кезде 6,8 млрд теңгеге 2260 өрт сөндіруге арналған техника мен жабдық сатып алу қажет. 44 өрт сөндіру бекетінің бесеуі техниканың бұзылуына байланысты жұмыс істемей тұр», – деді депутат.

Депутат пікірінше, орман өртін, ағаштарды заңсыз кесу мен браконьерлік фактілерін анықтау үшін орман күзеті қызметіне пилотсыз ұшу аппараттарын жаппай пайдалануды енгізу қажет.

Депутат орман шаруашылығындағы кадрлардың тапшылығына назар аударды.

«Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының 13 орман шаруашылығында 747 орманшы қызмет атқарады. Бұл нормативтің 70%-ы. Бір орманшының қамтитын аумағы 3 мың гектардай. Жүктеме үлкен. Бұдан басқа жалақы мен әлеуметтік қолдау сұрақтары, орман мекемелерінің қызметкерлерін орман өртін сөндіру тактикасы мен тәсіліне оқыту, сондай-ақ қауіпсіздік техникасын сақтау бойынша сапалы даярлау жүйесінің болмауы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Жоғары оқу орындарында «орман ісі» мамандығы бойынша грант санын арттыру және Төтенше жағдайлар министрлігі оқу орталықтарының базасында орман өрттерін сөндіру станцияларының қызметкерлерін оқыту мен үйретуді қолға алу қажет», – деді ол.

Еділ Жаңбыршин Түркия, Оңтүстік Корея, Канада мемлекеттерінің, Балтық елдері орман өртін болғызбау және оған қарсы күрестің заманауи әрі тиімді шаралары қолданылатын елдермен ынтымақтастық орната керектігін айтты. Олардың тәжірибесін зерделеу және қолдану қажет екендігін атап көрсетті.