Жаңалықтар

Тоқаев боранда халыққа көмек көрсетуге асыққан мамандарды марапатқа ұсынды

токаев
Тоқаев боранда халыққа көмек көрсетуге асыққан жандарды наградаға ұсынды / коллаж kursiv.media

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев боранда халыққа көмек көрсетуге барған бірқатар қызмет өкілдеріне алғыс айтып, оларды марапатқа ұсынды.

«Жуырда еліміздің бірқатар өңірінде табиғат тосын мінез танытып, жағдай қиындаған кезде жергілікті атқарушы биліктің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, медицина мамандары, коммуналдық қызмет пен автомобиль жолдарының жұмысын қамтамасыз ету саласының өкілдері, сондай-ақ басқа да азаматтар халықтың қамы үшін жанқиярлықпен еңбек етті»,– деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметі.

Тоқаев олардың бәріне шын жүректен алғыс айтып, жылы лебізін білдірді. Еңбегі ерен бір топ азамат мемлекеттік наградаға ұсынылды.

Қазақстанда ауа райы күрт бұзылды

Боранға байланысты 6 облыста жол жабылып, СҚО-да мектептер қашықтан оқытуға көшірілді деп жазған едік.

Самара-Шымкент автожолында 4 ақпаннан бастап қардан тазарту бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Ақпаратқа сүйенсек,  жолшылар тәулік бойы қар тазалауда. Дегенмен жұмыс жылдамдығына ауа райынан басқа да әсер ететін факторлар бар. Бұл – жолда қалған көліктер. 

«Жолшылар 200-ден астам көлікті алып шыққанымен, боранның алғашқы күндерінде ірі габаритті жүк көліктерін жолда екі қатармен қалдырып кеткен жүргізушілер бар. Сол себептен арнайы техниканың қозғалысы қиындауда. Әр жүк көлікті қардан шығаруға кемі 40 минуттай уақыт жұмсалып, жұмысты жылдамдату үшін бульдозерлер қолданылуда», – делінген хабарламада.

Ақтөбе облысында – 3 учаске жабық. «Самара-Шымкент» жолының 776-965 шақырымы мен ЭКО Ойл ЖҚС-Қарабұтақ кентінің – 189 шақырымы жабылды. Шектеу автокөліктің барлық түрі үшін қолданылады.

Жүк және қоғамдық көлік түрлері үшін де шектеулер енгізілді. «Самара-Шымкент» автожолының 965-1153 шақырымында Қарабұтақ кенті мен Ырғыз кенті арасындағы – 188 шақырымында қойылған. Сондай-ақ «Самара-Шымкент» бағытының 1153-1240 шақырымында Ырғыз кенті-Қызылорда облысының шекарасына дейінгі шақырымына дейін енгізілді. Ақтөбе облысындағы қар мен бұрқасынға байланысты көрініс шектелген.

Елімізде ауа райының қолайсыздығына байланысты 5 облыста республикалық маңызы бар жолдарға шектеу енгізілді.

Атап айтқанда, Қарағанды облысында ауа райының нашарлауына байланысты «Екатеринбург-Алматы» мен «Астана-Теміртау» жол учаскелері жабылады деп хабарладық.

ҚазАвтожолдың хабарлауынша, елімізде қатты жел тұрып, боран соққандықтан, жол көрінісі нашарлады. Сондықтан «Ектеринбург-Алматы» тас жолының Жібек жолы ақы алу пунктінен Қарағанды облысының шекарасына дейінгі аймақта жол қозғалысы шектелді.

1 ақпанда Қазақстанда бес облыстағы республикалық маңызы бар тас жолдардың бес учаскесінде қозғалысқа шектеу енгізілген болатын.