Жаңалықтар

Назарбаев қоры ҚБТУ-ды төмен бағамен сатып алған ба: істі Алматы соты қарастырып жатыр

Назарбаев қоры ҚБТУ-ды төмен бағамен сатып алды деген күдікке ілінді/ коллаж kursiv.media

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты ҚБТУ-дың Назарбаев қоры иелігіне өтуіне қатысты істі қарастырып жатыр. Бұл туралы «Курсивтің» ресми сауалына жауабында Алматы қаласы прокурорының орынбасары Жандос Әбдібаев жазды.

«Қазақстан-Британ техникалық университеті» АҚ акцияларының 100 пайызын сатудың заңдылығын талдау нәтижелері бойынша, Алматы қаласының прокуратурасы нарықтық құнның төмен бағалануына байланысты мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап арыз бергенін хабарлаймыз»,– делінген ресми сауалға келген жауапта.

Яғни Алматы прокуратурасы ҚБТУ-дың 100% акциясын сату-cатып алу мәміле күмәнмен қарап, келісімнің төмен бағамен жасалғанын алға тартқан. ҚБТУ есебіне сүйенсек, 2019 жылы қаңтарда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім қоры» қоғамдық қоры арасында жасалған «ҚБТУ» АҚ-ның 100% үлесін сатып алу шарты күшіне енді. 2020 жылдың наурыз айынан бастап «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім қоры» «ҚБТУ»-дың жалғыз акционері.

Прокуратура хабарлауынша, қазіргі уақытта азаматтық іс Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының өндірісінде. Бұған қоса, прокуратура «Иеліктен шығарудың заңдылығына түпкілікті құқықтық бағаны сот органы» беретінін атап өткен.

ҚБТУ Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2000 жылы Ұлыбританиямен уағдаластық негізінде құрылды. Бастапқыда Білім және ғылым министрлігіне қарасты болған оқу орны 2003 жылы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қарауына өткен. 2019 жылдан бері Қазақстанның бұрынғы президенті Назарбаевтың екінші қызы Динара Құлыбаева басқаратын қор иелігіне өткен.

Назарбаев қорлары

Осыған дейін 14 қыркүйекте Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Байтау дамыту қоры» жеке қорын құрған. Астана қаласының Әділет департаменті Назарбаевтың жаңа қорын заңды түрде мемлекеттік тіркеуге алған. «Қазақстан, Астана қаласы, Есіл ауданы, көшесі Əлихан Бөкейхан, ғимарат 1, пошта индексі Z05C5X1» мекенжайы бойынша тіркелген қор басшысы Батырханов Максим Батырханович деп көрсетілген. 

Осы мекенжайда Назарбаевтың корпоративті қорлары да тіркелген. «Ел үміті қоры» корпоративті қоры, «Қамқорлық қоры» корпоративті қоры, «Тұңғыш президент музейі» корпоративті қоры. Экс-президентке қатысы бар тағы бірнеше ұйым осы мекенжайда тіркелген. Олар  – «ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы канцеляриясы» МБ, «Назарбаев орталығын дамыту дирекциясы» ЖШС және т.б.