Алматы әкімі Ерболат Досаевтың жұбайы Гүлнар Досаевамен байланысты компания ресейлік Polymetal-мен бірге «Сырымбет» кен орнын игеру бойынша келісімге келуді көздеген.
Мырыш, қорғасын және қалайы өндіруші Tin One Mining компаниясы ресейлік Polymetal алтын өндіруші компаниясымен ынтымақтасып, барлау жұмыстарын жүргізу мүмкіндігін қарастыруда. Қос тарап Tin One Mining компаниясына тиесілі «Сырымбет» қалайы кен орнында бірлескен жұмысты жоспарлап отыр. Polymetal баспасөз қызметі ақпаратты «Курсивке» растады.
Polymetal мырыш, қорғасын және қалайы өндірушісімен жылдар бойы ынтымақтасып келе жатқанын түсіндірді. Олардың айтуынша, келіссөздердің келесі кезеңі жақын арада өтуге тиіс. Polymetal басшысы Виталий Несис компанияны Қазақстандағы мыс, мырыш, қорғасын және қалайы кен орындары қызықтыруы мүмкін екенін айтқан.
«Сырымбет» кен орны
«Сырымбет» кен орны Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында, Сырымбет ауылынан шығысқа қарай 15 км және Көкшетау қаласынан батысқа қарай 80 км жерде орналасқан. Бұл – оксид пен сульфид кендерінің полиметалл кен орны.
«Сырымбет» кен орнын игеру 90-шы жылдардың аяғынан басталған. Бастапқы да «Сырымбет» компаниясы жұмыс істегенімен кейін компания атауы Tin One Mining болып өзгертілді. 2022 жылғы мамырдағы ықтимал әсерлер туралы есепте кен орны әлемдегі ең ірі игерілмеген қалайы кеніші есептеледі.
«2013 жылы Тапсырыс беруші кен орнын игеруге түрлі дайындық жұмыстарын бастады: геологиялық барлау, гидрогеологиялық зерттеу, тау жыныстары мен топырақтарда бұрғылау, эксперименттік талдау, Сондай-ақ тиісті консалтингтік агенттіктерге объект ресурстарының қорлары туралы есепті, алдын ала банктік техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) туралы есепті, банк туралы есепті дайындауды тапсырды ТЭН және ТЭН туралы есепті тапсырды», – делінген құжатта.
2022 жылы Tin One Mining «Сырымбет» кен орнының алаңында өндіріс күші 2,5 млн тонна кен өндіретін тау-кен металлургия комбинатын салғысы келген. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының әкімдігі компанияға 10 жыл мерзімге жерді пайдалану құқығын берді. Барлау және игеру құқығы 2028 жылға дейін жарамды және оны ұзартуға болады.
2023 жылы маусым айында Tin Ore Мining жылдық шығыны 8,6 есеге артқаны туралы жазған едік. 2022 жылы Tin One Mining таза шығыны 66,9 млн теңгеден 572 млн теңгеге дейін, активтері – 13,8 млрд теңгеден 15,07 млрд теңгеге дейін өсті. Меншікті капитал біршама қысқарды – 9,53 млрд теңгеден 9,44 млрд теңгеге дейін, міндеттемелер 1,32 млрд теңгеге, 5,63 млрд теңгеге дейін ұлғайды.
Tin One Mining
Tin One Mining 1998 жылы құрылған компания. Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Tin One Mining акциялары 100% Berkut Mining-ке тиесілі екендігі жазылған. Компанияның 2023 жылы қаңтар-қыркүйектегі қаржылық есебінде компания иелерінің арасында «Самұрық-Қазына» – «Самұрық-Қазына Инвест» бар болған. 1 қазандағы жағдай бойынша Tin One Mining соңғы бақылау акциясы Lancaster Holding Pte-ге тиесілі.
2021 жылы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша компанияның түпкілікті бенефициарлары Қазақстан азаматтары Г.С. Қапарова, Б. С. Қаниев, Г. Е. Досаева және Ю. Э. Пак болған. Қазақстан қор биржасының ақпаратына сәйкес, «Tin One Mining» акциялары Алматы әкімі Ерболат Досаевтың әйелі – Гүлнар Досаевамен, оның серіктестері Берік Қаниевмен, Юрий Пакпен және Гаухар Қапаровамен байланысты Lancaster Group ЖШС тиесілі. Ол компания кеңсесі Сингапурда орналасқан. Қаржылық есептілік депозитарийінің ақпаратына сәйкес, Lancaster Holding Pte акцияларының 57,9% Lancaster Group-қа тиесілі. KASE сайтында Tin One Mining компаниясының аффилирленген тұлғаларының тізімінде Lancaster Group компаниясы бар.
Lancaster Group компаниясын 2003 жылы бала кезден дос болып келе жатқан төрт жігіт құрады. Олар: Нұрлан Қаппаров, Ерболат Досаев, Берік Қаниев және Юрий Пак. Алайда Kompra.kz веб-сайтынан ақпарат іздеген тұста «мемлекеттік орган сұрауды қабылдамайтынын жазады». Lancaster Holding PTE компаниясы да 2003 жылы құрылған. Оның басшылары сапында Берік Қаниев, Юрий Пак, Гаухар Қаппарова және Венера Барзамова бар. Ерболат Досаев 2014 жылы Lancaster Group-тың 25%-ына иелік еткен. Қазір бұл үлес кімге тиесілі екені, сатып алу-сату мәмілесі туралы ақпарат жоқ.
Алматы әкімінің жұбайы Гүлнар Досаева GandG Гламур компаниясының (сәнді киім, аяқ киім және аксессуарлар дистрибьюторы) құрылтайшысы. Сондай-ақ «Дара» қайырымдылық қорының құрылтайшысы. «Дара» қайырымдылық қоры Lancaster Group құрылымына кіреді. Сайтта қордың 2007 жылы құрылғаны айтылған. Құрылтайшысы Гүлнар Досаева екені көрсетілген. Қор жобалары жетім балалардың және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға және даму мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.