Жаңалықтар

Қазақстан орманшыларының жалақысы 250 мың теңгеге дейін өсті – министр

Орманшылар жалақысы 129 мыңнан 250 мың теңгеге өсті/kursiv.media

Мемлекеттік орман күзеті қызметкерлерінің орташа жалақысы 129 мыңнан 250 мың теңгеге дейін өсті. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты.

«Өткен жылы шілде айында біз негізгі құрамның мәселесін шештік. Орман шаруашылығының 12876 қызметкері 100% көлемінде қосымша ақы алатын болды», – деді Ерлан Нысанбаев мәжілісте өткен үкімет отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында.

Журналистер Экология және табиғи ресурстар министріне: «Орман шаруашылығына қатысы бар азаматтардың, яғни барлығының жалақысы 100% өскен жоқ қой», – деді.

Ол мәселенің мәнісін түсіндіріп: «Әлеуметтік мәселені шешу аясында былтыр 1 шілдеден бастап мемлекеттік орман күзеті қызметкерлеріне лауазымдық еңбекақының 100% мөлшерінде қосымша ақы төлеу белгіленді. Мемлекеттік орман күзеті қызметкерлерінің, орманшылар жалақысы 129 мыңнан 250 мың теңгеге дейін ұлғайды. Штаттық кесте бойынша әкімшілік құрамдағы экономист, бухгалтерлер сынды қызметкерлерге, орман өрт сөндіру станцияларының тракторшы, жүргізуші, орман өрт сөндірушілері мен радист-телефоншы секілді штаттан қызметкерлерге министрлік пен кәсіподақ арасындағы келісім шеңберінде 75% қосымша ақы қарастырылды. Осыған қатысты үкімет қаулысының жобасы әзірленді. Жоба уәкілетті органдармен алдын ала келісілді», – деді.

Орман өрт сөндіру бекеттерінде жұмыс істейтіндер жалақысы

Ерлан Нысанбаев орман өрт сөндіру бекеттерінде жұмыс істейтін барлық қызметкерге 100% қосымша ақы төлеуді көздейтін Үкімет қаулысының жобасын әзірлегендерін мәлімдеді.

«Жоба мемлекеттік органдардың алдын ала мақұлдауынан өтті», – деп нақтылады Экология және табиғи ресурстар министрі.

2023 жылы тамыз айында «Семей орманы» резерватының қызметкерлері наразылық танытып, басшылықтан еңбекақыны 70%-ға көтеруді талап еткен болатын.

«Олар орман шаруашылығының барлық қызметкерінің жалақысын көтеруге уәде берген еді. Алайда ол үстемақыны көрмедік. Қазір барлығы қымбат. Мардымсыз еңбекақымен қалай күн көреміз? Нағыз, қауіпке бас тігетіндердің ақшасы өспеген»,– деп ренжіген «Семей орманы» МОТР филиалы өрт сөндіру станциясының бастығы Таңатбек Мусин.

«Семей орманы» резерватының кеңсесіне жиналған қызметкерлер жұмыс істеуден жаппай бас тартты. Себебі алапат өрттен кейін, экология және табиғи ресурстар министрі олардың жалақысын көтеруді уәде еткен. Дегенмен 1 шілдеден бастап 70% үстемақы орманшылардың бәріне бірдей қосылмаған. Кейбір қызметкердің жалақысы әлі де 60-80 мың теңге. Әсіресе, трактор және өрт техникаларының жүргізушілері, байланыс операторлары, техникалық қызметкерлердің жалақысы мүлдем өспеген. Ал резерват басшылығы еңбекақы дауына қатысты есеп-қисап жүргізілетінін жеткізді.

«Қайта есептеу өте ұзақ уақыт алады. Өйткені ұжым өте үлкен. 1300 қызметкер бар. Сондықтан есепшілер бәрін қайта есептейді. Үстемақы барлық қызметкерлерге төленеді. Шамамен дүйсенбі күні түсуі мүмкін», – деді «Семей орманы» бас директорының міндетін атқарушы Әсемгүл Нысамбекова.

Алапат өрттен кейін, Экология және табиғи ресурстар министрі олардың жалақысын көтеруге уәде еткен. Алайда 1 шілдеде үстемақы орманшылардың барлығына бірдей қосылмаған. Кейбір қызметкердің жалақысы бұрынғыша, 60-80 мың теңге күйінде қалған. Ал трактор және өрт сөндіру техникасы жүргізушілерінің, байланыс операторлары мен техникалық қызметкерлердің жалақысы мүлдем өспеген.

Бұған дейін Экология министрлігінің баспасөз қызметі 2023 жылғы 1 шілдеден бастап орман және табиғат қорғау мекемелері қызметкерлерінің, яғни орманшылар жалақысына 100% мөлшерінде қосымша ақы тағайындалатынын хабарлаған.