Еуразиялық даму банкі Қазақстандағы әлеуетті жобаларға 3,5 миллиард доллар бөледі
Еуразиялық даму банкі Қазақстандағы әлеуетті жобаларға 3,5 миллиард доллардан аса қаржы қарастырды. Президент аталған банк басқарма төрағасы Николай Подгузовты қабылдады.
Кездесу барысында Николай Подгузов банк жұмысының нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде мәлімет берді.
Атап айтқанда Еуразиялық даму банкінің Қазақстан экономикасына салатын жыл сайынғы инвестициясы екі жыл қатарынан 1 миллиард доллардан асқан.
Қаржы ұйымының 2022-2023 жылдардағы инвестициясының жылдық көлемінің жалпы сомасы 4,2 миллиард долларды құраған. Бұл стратегияда бекітілген 2022-2026 жылдарға арналған жоспардан шамамен 1,5 есе көп. Қазақстандағы әлеуетті жобаларға банк 2024 жылға 3,5 миллиард доллардан аса сома қарастырған.
«Бұл тұста инвестицияны, ең алдымен, көлік инфрақұрылымы, жылу энергетикасы, жаңартылатын энергия көздері, өнеркәсіп, агроөнеркәсіп және су ресурстары сияқты стратегиялық маңызды салаларға салу жоспарланып отыр. Биыл банк Қазақстанның қаржы нарығын дамыту және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырудың жаңа құралдарын енгізу ісіне атсалысуға ниетті», – деді Николай Подгузов.
Сонымен қатар ол Орталық Азияның су-энергетика саласына жасалған зерттеу нәтижелерін таныстырды. Банк суды үнемдейтін және энергетикалық тұрғыдан тиімді технологиялар бойынша аймақтық сараптама орталықтарын дамытпақ. Сол үшін 10 миллион долларға дейін гранттық қаржы бөлуге дайын. Бұған қоса, суды есепке алудың цифрлық технологияларын, суармалы жерлерге толықтай лазерлік жоспарлау тәсілін енгізуге және заманауи ирригациялық құрал-жабдықтар өндіретін өңірлік өндірістік-сервистік кластер құруға бағытталған жобаларға 400 миллион долларға дейін қаржы бөлмек.
Мемлекет басшысы биыл жазда Алматы қаласында Еуразиялық даму банкінің жылдық қорытынды жиналысын құптайды. Іскерлік форумын ұйымдастыру мәселесіне де қарсы емес. Аталған форумның күн тәртібінде Орталық Азияның су-энергетика кешеніне, көлік жүйесі құрылымы мен қаржы құралдарын дамытуға қатысты мәселелер қамтылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде банк қолдау білдірген инфрақұрылымдық жобалардың маңызды екенін айтты.
Еске сала кетсек, былтырғы қарашада Еуразиялық даму банкі «Самұрық-Қазына» еншілес компаниясының облигацияларын сатып алады.