Жаңалықтар

Brent маркалы мұнай барреліне 81,4 доллардан сатылуда

Мұнай бағасы арзандады / Фото: архив kursiv.media

Өткен аптада мұнай бағасы 6%-ға қымбаттаған еді. Оған Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі ықпал етті. Алайда бүгінгі саудада «қара алтын» бағасы төмендей бастады.

Дүйсенбіде көптеген азиялық нарықтар Жаңа жыл мерекесіне байланысты жұмыс істемеді.

Лондонның ICE Futures биржасында Brent маркалы шикізаттың сәуір айындағы фьючерстерінің бағасы барреліне 81,35 долларды құрады. Бұл алдыңғы сауданың жабылуындағы көрсеткіштен 0,84 долларға (1,02%) төмен.

Нью-Йорк тауар биржасындағы (NYMEX) электронды саудада наурыз айындағы WTI фьючерстері осы уақытқа дейін 0,73 долларға (0,95%) арзандады. Сәйкесінше көрсеткіш барреліне 76,11 долларды құрады.

«Иран Сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдоллахианның демалыс күндері жасаған мәлімдемелері инвесторларға Таяу Шығыстағы шиеленістің бәсеңдеуіне қатысты жаңа үміт сыйлады», – деп хабарлады Bloomberg агенттігі.

«Газа секторындағы оқиғалар дипломатиялық жолмен шешуге қарай өрбуде», – деген еді Бейрутте бірқатар кездесулер өткізген Иран  Сыртқы істер министрі.

Осы аптада трейдерлердің назары ОПЕК пен Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) шолуларында болады. Олар сәйкесінше 13 және 15 ақпанда өтеді. Қос ұйым мұнай нарығына ай сайынғы болжамдарын жасайды.

Бұған дейін мұнай бағасы Таяу Шығыс пен Ливиядағы шиеленістің күшеюіне байланысты құбылған еді. Сарапшылардың пайымынша, әлемдік «қара алтын» нарығына Таяу Шығыс пен Ливиядағы шиеленістің күшеюі ықпал еткен.

Еске сала кетсек, былтыр еліміздің мұнай нарығы үшін аумалы-төкпелі болды. Алдын ала жасалған болжам бойынша, биыл 90,5 млн тонна қара алтынөндірілуге тиіс еді. Алайда жоспар жүзеге аспады.

26 желтоқсанда Сенат отырысынан кейінгі кулуарда Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов журналистерге өндіріс жоспары орындалмайтынын мәлімдеді.

«Биыл 90 млн тонна мұнай өндіреміз деп отырмыз. 2024 жылы да 90 млн тонна мұнай өндіріледі деген жоспар бар», – деді Энергетика вице-министрі.

Негізі 2023 жылы 90,5 млн тонна мұнай өндіру жоспарланған. Ауытқуға кен орындарындағы түрлі жағдай себеп болды. Мысалы 8 тамызда электр қуатының шектелуіне байланысты мұнайдың тәуліктік өндірісі 228 мың тоннаға дейін төмендеді