Саны 42 мыңға азайған киікті атуға тыйым салынады

Жарияланды
ақбөкен
Ақбөкен саны 40 пайызға артады деп болжанады / Коллаж kursiv.media

Киік санын ретттеу науқаны екі апта бұрын аяқталған. Бұл жайлы Мәжіліс кулуарында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты.

«Киіктерді ату қазір тоқтатылды. Отандық ғалымдармен және халықаралық ұйымдармен ақылдасып, кеңескеннен кейін осындай шешім қабылдадық. Оның үстіне қысқы уақытта табиғи жағдайларға байланысты аң аулаудың қиындады. Қарлы боран мен аязға байланысты аң аулау мүмкін емес. Сол үшін де 10 ақпаннан бері киіктердің санын азайту науқаны тоқтады», – деді министр.

Сонымен бірге министр мамыр айында санақ жүргізілетінін айтты. Сол кезде киік саны нақты қанша басқа өскенін анықтауға болады.

«Осы жылдың мамыр айында тексеріс жүргізіп, санақ өткізіп, киіктің нақты санын анықтаймыз. Болжам бойынша өсім 40 пайызды құрайды деп отырмыз. Солайша барлығы 2,5-2,6 млн басқа жетеді деп болжап отырмыз. Ал жалпы киік санын реттеу барысында елеміздегі киіктер саны 42 мың басқа азайды», – деді министрлік басшысы.

Министр 10 ақпаннан кейін киік аулауға заңмен тыйым салынғанын, яғни атқан адам жауапкершілікке тартылатынын айтты.

Киік саны қалай реттеледі?

Еске сала кетсек, мамандар 2023 жылдың күзде елдегі ақбөкен саны 2,6 миллионға жетеді деп болжаған. Бұлайша популяцияның өсуі өңірлердегі шаруаларды шығынға ұшыратып, жайылымдық жерлердің тапшылығын тудыруы мүмкін екені де айтылды. Саны 1,9 млн-ға жеткен киік 2022 жылы Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, БҚО-да егіс алқаптарын таптаған. Шамамен 122 мың га егіс алқаптарына 12 млрд теңгеге шығын келген. 

Осы орайда Голливуд актері Леонардо Ди-Каприоның өзінің әлеуметтік парақшасында Қазақстанды ақбөкендер санын көбейтудегі жетістігімен құттықтағанын айта кеткен жөн.

Актер бірінші жануарларды қорғаудағы жетістіктеріне тоқталды. Ол құрып кету қаупі төнген киіктердің Қызыл кітап тізіміне «Критикалық қауіп төнген» санатынан «Қауіп төнуге жақын» санатына ауысқанын жазған.

«Бұл бұрын-соңды болмаған қалпына келтіру шарасы негізінде Қазақстандағы ақбөкен популяциясы жақсы сақталғанын көрсетеді. 2005 жылы 48 000-ға дейін азайып кеткен бұл жануарлар түрінің саны қазір жабайы табиғатта 1,9 миллионнан астам басқа дейін жеткен. Қазақстан үкіметін бұл жетістігімен құттықтаймыз! Қазақстан билігі браконьерлікпен күрес жөніндегі бастамаға және құқық қорғау органдары мен жаңа қорғалатын табиғи аумақтарды құруға қомақты қаржы бөлді. Бұл – табиғатты қорғау ұйымдарымен, университеттермен және ғалымдармен ынтымақтастығы бірлескен күш-жігерге негізделген табиғатты қорғау саласындағы шынайы табыстың тамаша үлгісі»,– деп жазды актер.

Үкімет киік санын қолдан азайтуды «қарал» тәсілі бойынша жүргізе алмағандықтан, атуға рұқсат берді.Ерлан Нысанбаев жаңбыр жиі жауып, қолайсыздық тудырығаны себепті қарал тәсілін жүзеге асыру қиындағанын айтты. Сол себепті де аулауға рұқсат етілген.

Осыған дейін ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Кимнің CITES конвенциясына сәйкес киік мүйізін сатуға тыйым салынғанын, Қазақстанның мүйізді экспортқа, дәрі-дәрмек мақсатында шығара алмайтынын айтқан. Ол тыйым мерзімі аяқталғанша, киік мүйіздері арнайы мемлекеттік кәсіпорындарда сақталатынын, өте қымбат киік мүйіздерін сақтау тиісті органдардың бақылауымен жүзеге асырылатынын мәлімдеген.  

Ал ауланған ақбөкеннің шикі еті қала базарларына да шығуы мүмкін екендігі айтылды. Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев кәсіпорындар ауысымына 1000-ға дейін мал союға дайын екенін айтты. Осылайша, екі айдың ішінде кәсіпорындар 120 мың бас ақбөкеннің етін өндіріске жіберуге тиіс болған. Ал ақбөкендерді ұстап, сойып, зауытқа өткізумен орман шаруашылығы қызметкерлері айналысатыны айтылды.  

Сондай-ақ оқыңыз