«Казкоммерцбанктегі» ақша ұрлау фактісі: 45 млрд теңгенің мүлкі Алматы әкімдігіне қайтарылды
«Казкоммерцбанк» АҚ-дағы ақша ұрлау фактісіне байланысты 45 млрд теңгенің мүлкі мемлекет меншігіне қайтарылған. Бұл жайлы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Казкоммерцбанк» АҚ-да ақша ұрлау ісі бойынша күдіктілерден 44,5 млрд теңгенің мүлкі тәркіленді», – делінген баспсаөз хабаламасында.
Агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаменті қала прокуратурасының үйлестіруімен ақшалай қаражатты ұрлау фактісі бойынша «Қазкоммерцбанк» АҚ-ға қатысты қылмыстық іс шеңберінде парралельді қаржылық тергеу жүргізген. Агенттік тәркілеу рәсімін жүзеге асырып, 300 гектарға жуық жер учаскелері мен автокөлік құралдарын қамауға алған. Бұлардың барлығының құны 45 млрд теңгеге жуықтаған.
«Келтірілген залалды өтеу мақсатында ҚР ҚПК 667, 668-баптарының тәртібімен іздеуге жарияланған тұлғаларға қатысты қылмыстық жолмен өндірілген мүлікті сотқа дейінгі тәркілеу көзделген», – делінген хабарламада.
Сот шешімімен мүлік Алматы қаласы әкімдігінің балансына қою арқылы мемлекет кірісіне айналдырылған. Қазіргі уақытта сот үкімі күшіне еніп, аталған активтер мемлекет меншігіне өткен. Ал тәркіленуге жататын өзге де мүлікті іздеу жұмыстары әлі тоқтамаған.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың желтоқсанында Халық Банк 2015 жылы «Қазкоммерцбанк»-тан алған мемлекеттік көмектің 40 млрд теңгесін мерзімінен бұрын өтегені белгілі болды.
Бұған дейін, 2023 жылғы 5 маусымда «Қазақстан Халық Банкі» мемлекеттен алған көмегінің бір бөлігін, яғни 28,4 млрд теңгені уақытынан бұрын төледі. Осылайша, 2023 жылы мемлекетке мерзімінен бұрын қайтарылған ақшалай қаражаттың жалпы сомасы 68,4 млрд теңгені құрады.
Бұған дейін 250 млрд теңге көлеміндегі депозит түріндегі мемлекеттік көмекті 2015 жылы «Казкоммерцбанк» алғаны айтылды. 5 жыл бұрын Қазком мен Halyk Bank біріктірілгеннен кейін, ақшаны қайтару «Halyk Bank»-тің міндетіне көшті. «Қазақстандық тұрақтылық қоры» 68,4 млрд теңге көлеміндегі ақшалай қаражат – 2037 жылға дейін қайтарылатынын мәлімдеген.