Геосаяси күйзеліске төзімді: ХВҚ жаһандық экономикаға қатысты болжамын жақсартты
Жаһандық экономика геосаяси күйзелістер мен аймақтық қақтығыстарға өте төзімді болып шықты. Бұл жайлы Дубайда өткен саммитте Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) басшысы Кристалина Георгиева айтты.
«Белгісіздік жағдайы әлі де сақталып отыр. Десе де, экономикалық сенімді болжамдар жасай аламыз. Себебі жаһандық экономика таңқаларлықтай төзімділік танытты. 2023 жылғы өсім біз күткен көрсеткіштен де асып түсті. Ал жаһандық базалық инфляция 2024 жылы төмендейді деп болжанып отыр», – деді ол ХВҚ басшысы.
Кристалина Георгиева жаһандық экономиканың орта мерзімді өсу перспективалары айтарлықтай жоғары бола қоймайтынына тоқталды. Оның көрсеткіші «қарапайым» деңгейде қалатынын айтты. Қор болжамынша жалпы жаһандық экономикалық өсім жылына шамамен 3% деңгейінде болады. Дегенмен экономикалық өсім көрсеткіштеріне жасанды интеллекттің дамуы сияқты факторлар оң әсер етуі мүмкін. Мұның теріс жақтары да болады.
«Өкінішке қарай, жұмыс орындарының шамамен 40%-ы жасанды интеллект әсерінен зардап шегуі мүмкін. Сондықтан да оның салдары қандай болары беймәлім. Бұл технологияны қолдану үшін инфрақұрылымы мен білікті мамандары жоқ елдер одан әрі артта қалуы мүмкін», – дейді Георгиева.
Нәтижесінде ХВҚ жаһандық экономикалық перспективалары туралы есебін жаңартты. Қаңтардағы жаңа есепке сәйкес, 2024 жылы жаһандық экономикалық өсім 3,1% деңгейінде болады. Ал 2025 жылы 3,2% көтеріледі деп болжанып отыр. Ал инфляция деңгейі 2024 жылы 5,8%-ға, 2025 жылы 4,4%-ға дейін төмендейді деп күтіледі.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың күзінде ХВҚ жаһандық экономика өсімі әлсіз болады деп болжаған. Бұл көрсеткіш пандемия басталғанға дейінгі соңғы екі онжылдықта байқалған 3,8% орташа көрсеткіштен әлдеқайда төмен болатынын мәлімдеген.
Кристалина Георгиева 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында жаһандық экономика «айтарлықтай тұрақтылық» көрсеткенімен, күтілетін өсім орта мерзімді перспективада бұдан әрі әлсірейтінін айтқан. ХВҚ 2020-2023 жылға дейінгі аралықтағы жаһандық күйзелістердің салдарынан әлемдік өндіріс 3,7 триллион доллар жоғалтқан.
Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы (ЭЫДҰ) 2024 жылғы жаһандық экономика динамикасына қатысты болжамын 2,7%-ға дейін нашарлатқан болатын. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қарашадағы болжамына сәйкес, биылғы жылдың соңында әлемдік экономиканың өсімі 2,9%-ды құраса, келесі жылы бұл көрсеткіш 2,7%-ға дейін баяулайды, ал 2025 жылы 3%-ға көтерілуі мүмін.