Жер сілкінісінен кейін Алматыдағы жеке үйлердің сатылымы өсті ме?
Бірінші несие бюросының есебінше, өткен айда жеке үйлерді сату-сатып алу мәмілелері 2023 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 4,2%-ға өскен. Дегенмен желтоқсандағы көрсеткіштен 36,1 пайызға кем.
Мамандар жер сілкісінен кейін жеке үйлердің сатылымы қөбейді деп тұжырымдауға әлі ерте деп пайымдайды.
Жалпы, қаңтар айында Алматыда жеке тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 418 мәміле жасалған. Желтоқсан айымен салыстырғанда бұл 36,1%-ға немесе 236 бірлікке аз. Қалаға жақын Алматы мен Жетісу облыстарындағы динамика да ұқсас. Егер Алматы облысында жасалған келісім қатары 16,8%-ға (160) 791-ге дейін азайса, екіншісінде 23,4%-ға дейін төмендеді.
Бұл цифрларға қарасақ, жер сілкінісі сатылымға әсер етпегендей көрінеді. Оған қоса жыл басында тұрғын үй нарығында тыныштық болатын белгілі. Алайда мамандар 2024 жылдың қаңтар айындағы көрсеткішті 2023 жылдың басымен салыстырып көрген жөн деп отыр.
Алматыда былтыр қаңтарда жеке тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 401 бірлікті құраған. Яғни қазіргі деңгей өткен жылмен салыстырғанда 4,2 пайызға жоғары. Дәл осындай динамика Алматы (739 бірлік) және Жетісу облыстарында (332 бірлік) байқалады. Сәйкесінше облыстарда 7% (52 бірлік) және 16,3% (54 бірлік) өсім байқатқан.
Сарапшылар 4,2 пайыз деген аса үлкен өсім емес екенін айтады. Екіншіден, жалпы жылжымайтын мүлік нарығы өскен. Қаңтар айында республика бойынша 31,7 мың тұрғын үй сатып алу-сату мәмілесі жасалған. Бұл – бір жыл бұрынғыдан 30,5 пайызға (7,4 мың бірлік) артық. Басқаша айтқанда, Алматы қаласы мен маңындағы аудандарда жеке тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің өсімі жалпы тенденцияға байланысты болса керек.
Бәрін ескере келе, Алматыдағы жер сілкінісі жеке үйлердің сатылымындағы белсенділікті арттырмады деп тұжырымдауға болар еді. Бірақ келісім-шарт жасасу біраз уақыт алатынын ескерсек, нақты көрсеткіштері алда белгілі болмақ.
Алматыдағы жер сілкінісі
2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі тіркелді.
Алматыда болған жер сілкінісінен 8 адам зардап шеккен. Жарақат алған үш адам тұрғын үйлердің 2 және 3-қабатынан секірген.
Бұл төтенше жағдайда дабыл қағылмады. Алматы ТЖД басшысы Нұрлан Атығаев жер сілкінісі кезінде дабыл 5,5 баллдан асқан кезде қағылатынын айтты.