Елімізде 2023 жылы Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша есептелген жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ды құрады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес, республика экономикасының әртүрлі салаларында 9 042,3 мың адам жұмыспен қамтылды. Олардың 6 906,3 мыңы (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 76,4%) жалдамалы қызметкер болса, 2 136 мың адам (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 23,6%) – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. 15 және одан жоғары жастағы халыққа шаққандағы жұмыспен қамту деңгейі 65,1%-ды құрады.
2022 жылдың сәйкес тоқсанымен салыстырғанда жалпы жұмыспен қамтылғандар 76,7 мың адамға өсті.
«Жұмыспен қамтылған халық санының ең көп өсімі, ақпарат және байланыс, кәсіби және ғылыми қызмет, өнер, ойын-сауық және демалыс салаларында байқалды», – делінген хабарламада.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 15-34 жастағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,4% құрады. Жұмыс істемейтін және біліммен немесе кәсіптік оқумен айналыспайтын NEET жастарының үлесі 7,1%-ды (379,37 мың адам) құрады.
Айта кетейік, 2024 жылғы қаңтар айының соңына 264,5 мың жұмыссыз ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздардың үлесі жұмыс күшінің 2,8%-ын құрады.
Еске сала кетсек, Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейінің төмен екеніне Halyk Finance сарапшылары күмәнмен қарайды деп жазған едік.
2023 жылдың екінші және үшінші тоқсанында Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі –4.7% болды. Бұл – тәуелсіздік алғаннан бергі тарихи көрсеткіш. Елдегі жұмыссыздық деңгейі көптеген елдің тіпті дамыған елдер көрсеткішінен төмен, деп жазады Halyk Finance сарапшысы Мадина Кабжалялова.
Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі неге төмен
Halyk Finance сарапшылары бұл елдегі жұмыссыздық проблемасының шешімін тапқанын көрсетпейтінін айтады.
«Қазақстанда жұмыссыздықтың «жасырын» түрі бар. Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі ұзақ уақыт бойы тұрақты түрде төменгі деңгейде 5% шамасында. Ал өткен жылдың екінші тоқсанында 4.7% болды. Бұл тіпті бірқатар дамыған елдің көрсеткішінен төмен. Мәселен, қазан айында Еуроодақта жұмыссыздық деңгейі 6% болған. Кейбір еуропалық елдерде (Финляндия – 7.5%, Дания – 5.4%, Италия – 7.8%) бұдан да жоғары. Жұмыссыздық деңгейі Қазақстандағы проблеманың шынайы ауқымын көрсетпейтініне бірнеше белгі бар», – дейді мамандар.
Сарапшылар Қазақстандағы жұмыссыздық динамикасы елдегі дағдарыспен аса байланысты болмағанын алға тартты. Бұл халықаралық тәжірибеге сәйкес келмейтініне тоқталды.
«2030 жылға дейін еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы» жобасында әлемдік қаржылық дағдарыс, теңгенің құнсыздану, одан кейінгі пандемия кезінде өзін-өзі жұмыспен қамтитындар саны артқаны айтылған. Бұл ретте аталған уақытта жалданбалы жұмыскерлер саны төмендеген. Соған қарағанда олардың жартысы өзін-өзі жұмыспен қамтушылар санына қосылған сияқты», – деп тұжырым жасайды.