Қаржы мониторингі агенттігінің басшысы ауысты
Қаржы мониторингі агенттігінің басшысы өзгерді. Жанат Элимановтың орнына Дмитрий Малахов тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Ақорда ақпаратына сүйенсек, ҚМА басшысы болған Элиманов Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған.
ҚМА-ның жаңа басшысы қызметіне Дмитрий Малахов тағайындалған. Ол бұрын Элимановтың орынбасары болған.
50 жастағы Малахов Ақмола облысында дүниеге келген. Алматы қаласындағы ІІМ жоғары мектебімен Рысқұлов атындағы экономика және қаржы университетін тәмәмдаған. Қаржы мониторинг агенттігінен бөлек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікте жұмыс істеген.
2021 жылы Қазақстанда жаңа қаржылық мониторинг агенттігі құрылды. Президент жарлығында жаңа мекеменің Қазақстан Республикасының президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган екені айтылады.
Жаңа агенттікке қылмыстық жолмен табылған табысты жекешелендірумен күресу міндеті жүктеліп отыр. Жаңа орган терроризмді қаржыландырудың да жолын кеспек. Сондай-ақ экономикалық және қаржылық қылмыс пен құқық бұзушылықтар бойынша да тексеру, зерттеу жүргізуге құқылы. Дәл осы міндеттер бойынша қаржы министрлігінің кейбір өкілеттілігі жаңа агенттікке беріліп отыр.
Президент жарлығымен жаңа агенттіктің басшысы болып Жанат Элиманов тағайындалған. Ол осыған дейін қаржы министрлігі қаржылық мониторинг комитетінің басшысы болып жұмыс істеген.