Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров БЖЗҚ ақшасына 3,3 мың вагон сатып алу үшін неліктен «ЗИКСТО» компаниясы таңдалғанын түсіндірді.
Бұған дейін Ұлттық Банк «Бәйтерек» холдингінің облигацияларына 173 млрд теңге зейнетақы активтерін салған болатын. Бұл қаражат 3,3 мың вагон сатып алуға жұмсалды. Өткен аптада Үкіметтің кулуарында Байбазаров әрбір жүк вагонының құны 30-35 млн теңге, ал жолаушылар вагонының құны 700-800 млн теңге болғанын айтты.
Журналистер вагондардың қымбатқа бағаланғанын алға тартып, Байбазаровтан неліктен дәл қазақстандық «ЗИКСТО» компаниясына тапсырыс беріліп, басқа компанияларды қарастырмағанын түсірдіруді сұрады.
«Біз отандық зауыттарды қолдаймыз. Әрине, шетелден сатып алып, басқа елдің экономикасын инвестициялай аласыз. Бірақ Екібастұз бен Петропавлдағы бұл зауыттар («ЗИКСТО») 1 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Ақшаның Қазақстанда қалуы маңызды. Бұл ақшадан компаниялар ҚҚС және басқа да салықтарды төлейді», – деп жауап берді Байбазаров.
Ұлттық экономика министрі Қазақстанда темір жол машиналарын жасау дамығанын және елде темір жол техникасын өндіретін кәсіпорындардың көптігін атап өтті. Сондықтан сатып алынған вагондарда «міндетті түрде қазақстандық» деп атауға болатынын айтты.
«ЗИКСТО» – квазимемлекеттік ұйым. Компания акцияларының 42%-ы «Қазақстан инжинирингке» тиесілі. Кәсіпорынның 2022 жылғы кірісі 16,9 млрд теңге, салыққа дейінгі пайда – 248 млн теңге болған. 2023 жылдың қыркүйегінде «ЗИКСТО» компаниясы жыл соңына дейін Петропавлдағы зауыт 35 млрд теңгеге өнім шығаруды жоспарлап отырғанын хабарлады. ҚТЖ-дан бөлек зауыттың өнімдерін жеке компаниялар да сатып алады.
«Бәйтерек» холдингінің облигациялары алынды
Ұлттық банк 173 млрд теңге БЖЗҚ қаржысына «Бәйтерек» холдингінің облигацияларын сатып алған еді. Бас банк бұл қаржы экономиканың нақты секторындағы ұзақмерзімді ірі жобаларды қаржыландыруға жұмсалатынан атап өтті. Холдинг облигацияларын жылдық 13% кірістілік және 15 жылға есептелген айналым мерзімімен сатып алды.
Бұған дейін «Бәйтерек» вагон сатып алуға биржадан 200 млрд теңге тартатынын жазғанбыз. Halyk Finance брокерлік компаниясы «Бәйтерек» Ұлттық холдингі Қазақстан қор биржасына құны 190 млрд теңге болатын 15 жылдық облигацияларын орналастыруды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Бір купондық облигацияның номиналы – 1000 теңге. Шығарылатын қағаздардың саны – 190 млн дана, өтеуге берілетін мерзім – 15 жыл, тіркелген купондық мөлшерлеме – 13%. Halyk Finance андеррайтер болады. Сыйақы төлеу облигациялар айналымы басталған күннен бастап әр 12 ай сайын, яғни жылына бір рет жүргізіледі.
Тоқаев БЖЗҚ активтерін экономикаға екінші деңгейлі банктер арқылы құюды ұсынды
Қасым-Жомарт Тоқаев БЖЗҚ активтерін экономикаға құйғанда нарық талаптарын ескеру қажет екенін айтты. Президент бұл іске квазимемлекеттік құрылымдарды емес, екінші деңгейлі банктерді тартуды ұсынды. Оған қоса, Үкімет зейнетақы салымдары есебінен жүзеге асырылатын жобалардың пайыздық өсімін субсидиялауға тиіс.
«Экономикалық айналымға түсетін зейнетақы активтерін тек қана нарық талаптарына сай қолдану керек. Бұл мәселеде салымшылар алдындағы жауапкершілік өте жоғары. Қажет болса, Үкімет бірыңғай зейнетақы салымдары есебінен жүзеге асырылатын жобалардың пайыздық өсімін субсидиялауға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, бұл жұмысқа квазимемлекеттік құрылымдар сияқты делдалдарды қолдан жасаудың қажеті жоқ. Тоқаев мұндай жағдай бұрын талай рет болғанын еске салды. Ол бұл іске тиісті сараптама жасай алатын және қажетті инфрақұрылымы бар екінші деңгейдегі банктерді белсенді түрде тартуды ұсынды.