Мобильді аударымдар мәселесі қайта қаралады. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлім етті.
«Бұл – өте өзекті сұрақ. Сондықтан мен бұл мәселені қайта қарауды тапсырамын. Бұл мәселені қаржы-экономикалық блокта тағы бір рет қарастырамыз. Жоба механизмін егжей-тегжейлі талқылаймыз. Бұл сұраққа қайта ораламыз», – деді министр.
Сонымен қатар салық режимдері қаралатынын атап өтті.
«Бұл жеке кәсіпкер екенін қалай анықтауға болады? Бізге заңның үстемдігі, әділетті мемлекет керек. Солай емес пе? Өз заңдарымызды орындауымыз керек. Кейбіреулер төлейді, кейбіреулері төлемейді. Әділдік болуы керек. Сондықтан барлығы төлеуі керек. Сондықтан біз қазір әртүрлі режимдердің барлық түрлерін қарастырамыз. Біз олардың осы режим бойынша қалай жұмыс істейтінін ойластырып жатырмыз. Барлығын міндетті түрде тығырыққа тіреп тастау керек емес», – деді Нұрлан Байбазаров.
Еске сала кетсек, былтыр Үкімет отырысында Қаржы министрлігінің басшысы Ерұлан Жамаубаев Қазақстанда 2025 жылға дейін мобильді аударымдар үшін кәсіпкерлерге айыппұл салынбайтынын айтты.
«Біз ешкімді алдына ала үрейлендіргіміз келмейді» деген министр 2025 жылға дейін профилактикалық жазалар болмайтынын жеткізді.
Министрдің айтуынша, бизнесмендердің екі шоты болуы керек. Бірі кәсіпкерлік қызметке пайдаланылса, екіншісі жеке мақсаттар үшін мобильді аударымдар үшін қолданылады.
«Бұл заң былтыр қабылданды. Кәсіпкерлік қызметтің сипаты бар мобильді аударымдарға салық салынуға тиіс. Туысқандар мен әріптестер арасындағы ақша аударымының кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ. Сондықтан мұндай аударымдарға салық салынбайды», – деді Мәжілістің жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Ерұлан Жамаубаев.
Үкімет басшысының орынбасары басты мақсат жиі жасалатын ақша аударымдарын фискалдандыру екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта мобильді аударымдардың салықтық бақылауына қатысты қоғамдағы қызу талқыға байланысты Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Қазақстан Республикасы Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте бірқатар сұрақтарға жауап берген еді.
Айтуынша, мобильді аудармаларды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметтің көлеңкесінен шығуға бағытталған.
Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауар немесе қызмет үшін төлемді мобильді аударымдар арқылы алады. Алайда, бұл аударымдар бақылау-кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі. Тиісінше, чектер берілмейді және тұтынушылардың құқықтары бұзылады. Тексеру критерийлеріне үш ай қатарынан ай сайын 100 және одан да көп түрлі тұлғалардан мобильді аударымдар алған тұлғалар ғана жатады. Яғни кәсіпкерлерлік қызмет белгілері болған жағдайда ғана сұрақтар туындайды.