Жаңалықтар

Жаңа үкім: Арыстанбек Мұхамедиұлы әйелімен және қорғаушысымен бірге сотталды

Мұхамедиұлы
Мұхамедиұлы ірі көлемде пара беруге оқталғаны үшін алдыңғы жазасына тағы 3 жыл қосып алды / Фото:

Арыстанбек Мұхамедиұлы 11 жылға, оның әйелі Ғалия Ысқақова 6 айға, оның қорғаушысы болған Мұстахим Төлеев 6 жыл 8 айға сотталды. Бұл жайлы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, олар пара беруге оқталған, делдалдық қызмет атқарған, алаяқтық жасағаны үшін сотталған.

«2024 жылғы 13 ақпанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты М., И. және Т.-ға қатысты үкім шығарды. Тергеу барысында М. аса ірі мөлшерде пара беруге оқталды деп, И. – парақорлыққа делдалдық жасады деп және Т. – аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп айыпталды»,- делінген хабарламада.

Бұл жердегі аты-жөні қысқартылған азаматтар – Арыстанбек Мұхамедиұлы, оның әйелі Ғалия Ысқақова және алғашқы соттарда экс-министрдің адвокаты болған Мұстахим Төлеев.

Қандай қылмыс жасаған?

Тергеу мәліметінде Мұхамедиұлының 2022 жылдың желтоқсанында Астана қаласының тергеу изоляторында болған кезінде қамаудан босатылып, «Дипломат» қонақүйін меншігінде ұстап қалғысы келіп, адвокат Төлеев арқылы лауазымды тұлғаларға аса ірі мөлшерде пара беруге қылмыстық ниет білдіргендігі айтылады. Ол бұл ойын жүзеге асыру үшін өзінің жұбайы Ысқақованы делдал ретінде жұмсап отырған.

Ысқақова оның ұсынысымен келісіп, Төлеевпен келіссөздер жүргізеді. Солайша заңсыз ақшалай сыйақыны лауазымды адамдарға беру туралы келісіп, 2022 жылдың желтоқсанында кафеде «Дипломат» қонақүйінің мәселесін шешу үшін қорғаушыға 140 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы береді.

Ал 2023 жылдың қаңтарында Ысқақова жолдасы Мұхамедиұлының бұлтартпау шарасын өзгерту үшін Төлеевке 120 мың АҚШ долларын тағы тапсырады. Сол жылдың сәуірінде күйеуінің жазасын жеңілдету үшін Төлеевке үшінші рет 100 мың АҚШ долларын береді. Ірі көлемдегі пара осыдан кейін де берілген. Бірақ бұл соманы қорғаушы өз мақсаттарына жұмсаған болып шығады.

«2023 жылдың маусымында И. тағы да делдал рөлін атқара отырып, өзінің ұлы арқылы Т.-ға 27 млн теңге және 40 мың АҚШ доллары сомасында ақша берді. Т. алдау және сенімге қиянат жасау арқылы ақшаны иемденіп, оларды өз қалауы бойынша басқарды»,- делінген хабарламада.

Сот үкімі

Сотта прокурор Мұхамедиұлына ҚК-нің 58-бабын қолдана отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Ал Мұстахим Төлеевке 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы сұралса, экс-министрдің жұбайы Ғалия Ысқақованы 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылған. Сотталушылар тағылған айыппен келіспей, соттан өздерін ақтауды сұраған.

«Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді»,- деп хабарлайды Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.

Сот шешімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы аса ірі мөлшерде пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылып, ҚК-нің 58-бабының 3 және 6-бөліктері негізінде, 20.06.2023 жылғы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен тағайындалған қатаң жазаны неғұрлым қатаң жазаға ауыстыру жолымен қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға тыйым салына отырып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот Төлеевте жас балаларының болуын, Ысқақованың асырауында қарт анасының болуын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныған. Солайша Мұстахим Төлеев аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып 10 жыл мерзімге адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.

Ал Ғалия Ысқақова парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынып, 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Арыстанбек Мұхамедиұлында қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар анықталмаған.

Экс-министр бұған дейін не үшін сотталды?

Еске сала кетсек, экс шенеунік бұған дейін 8 жылға сотталған болатын.

Онда Арыстанбек Мұхамедиұлы 2020 жылы Ұлттық музейді басқарып тұрған кезде мемлекет қаражатын жымқырды деп айыпталған. Ол музейде қызмет еткен тұста «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында «Ұлы дала: кеңістік, уақыт, мәдениет» көрмесін шетелдерде өткізуге қаражат бөлінген. АҚШ, Германия, Италия, Индонезия, Литвада халықаралық көрмелер өткізуге шамамен 1,27 млрд теңге бюджет сомасы бекітілген.

2020 жылдың қаңтарында аталған елдер ұсыныстан бас тартқан. Алайда Мұхамедиұлы көрме өткізетін елдерді өзгерту жөнінде шаралар қабылдаған. Ол үшін 2020 жылдың 13 қаңтарында Ұлттық музейден Қазақстанның Үндістандағы елшісіне Үндістанның Ұлттық музейінде көрме өткізуге жәрдемдесу туралы хат жолдаған.

Сондай-ақ экс-министр мемлекеттік қызметті атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Президенттің атына Мұхамедиұлын мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс енгізіледі.

Мұхамедиұлы ол кезде де тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген еді.

«Мен кез келген жазаға, ату жазасына да келісемін, бірақ ақша жымқыру дегенге келісе алмаймын. Қазақтың «өлімнен ұят күшті» деген керемет мақалы бар», – деді ол.