Кәмелетке толмаған балалар атында мүлкі болса, декларация тапсырады – Мемлекеттік кірістер комитеті

Жарияланды
декларация
Кәмелетке толмаған балалардың ата-анасы декларация тапсырады / Фото: shutterstock

Декларация тапсырған соң әр адамның мүлкі туралы ақпарат толық берілетін болады. Күзде талай адамның жеке деректері телеграм боттарға тарап кеткені секілді, бұл жеке ақпараттың тарап кетуі мүмкін бе? Бұл сұраққа Мемлекеттік кірістер комитетінің Арнаулы салық режимі әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шыңберген жауап берді.

«Бізде Салық кодексінде салықтық құпия деген анықтама бар. Сол кодекстің 30- бабында салықтық құпияға жатпайтын мәліметтердің тізімі бекітілген. Сол тізімге кірмейтін барлық мәлімет құпия сақталады. Яғни декларацияда көрсетілген мүлік туралы мәліметтердің құпиялылығы толық сақталады», – деді.

Жалпы екінші кезең қатысушылары декларацияны 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін тұрғылықты жері бойынша тапсыруы қажет. Декларацияны электрондық нысанда «салық төлеуші Кабинеті» МКК web-порталы арқылы немесе «электрондық үкімет» egov.kz, сондай-ақ e-Salyq Azamat, eGov mobile, Halyk, ЦентрКредитБанк ЕДБ мобильді қосымшалары арқылы ұсынуға болады.

Кәмелетке толмағандар декларация тапсыра ма?

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиын барысында журналистер кәмелетке толмаған балалар қандай жағдайда декларация тапсыратынын сұрады. Комитет өкілі балалардың декларация тапсырмайтынын, бірақ кей жағдайларда декларация тапсыру міндеттелетінін айтты.

«Жалпы декларацияны кәмелетке толмаған балалар тапсырмайды. Алайда бұл мәселеге қатысты белгілі бір ережелар бар. Кейде кәмелетке толмаған балалардың атында тіркелуге жататын мүлік болуы мүмкін. Егер атында сондай мүлкі бар болса, декларация тапсыруы тиіс. Әрине, декларацияны өзі тапсырмайды. Оның орнына тиісті өкілі тапсыруы керек. Яғни құжаттарды әке-шешесі немесе қамқоршысы секілді өкілеттігі бар адамдар тапсырады», – деді.

Комитет өкілі бұл жағдайда кәмелетке толмаған балалардың декларация тапсыру тәртібі жеке тұлғаның декларация тапсыру тәртібінен еш айырмашылығы жоқ екенін айтты.

«Жалпы декларация тапсыруда жеке тұлғаларға белгіленген тәртіп балалараға да қолданылады»,  – деді Шыңберген.

Ал «Келешек», «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының кірістері декларацияллауға жатпайды. Бұл мемлекетте тіркелгендіктен, ондай қажеттілік жоқ.

Сонымен бірге журналистер: «49 жылға жалға алынған жерлер декларациялауға жата ма?»,  – деп сұрады.

Ерқанат Шыңберген тек меншік құқығындағы мүлік қана декларациялауға жататынын айтты. Ал уақытша пайдалануға берілген жер меншік құқы боп саналмайтындықтан, оны делрациялаудың қажеттілігі жоқ.

Еске сала кетсек, комитет 2024 жылдан бастап жеке тұлғалардың декларациясын тапсырудың ортақ мерзімін бекітті. Активтер мен міндеттемелер туралы декларация тапсырудың 250.00 формасын 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін тұрғылықты жері бойынша тапсыру қажет. Бұл форманы азаматтар онлайн толтыра алады.

«Курсив» осыған дейін «Кәсіппен айналысатын отбасылар декларация тапсыратын кезең таяды: үшінші кезең туралы нені білуіңіз керек?» деген тақырыпта нұсқаулық әзірледі. Сонымен бірге 250.00 форманы толтыруға қатысты материалдар жариялаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз