Жаңалықтар

Кәсіпорындарда өнім бағасының өсуі баяулап келеді- Ұлттық Банк

Кәсіпорындарда өнім бағасының өсуі баяулап келеді/ Фото:shutterstocks

ҚР ҰБ Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалин 2023 жылдың IV тоқсанындағы кәсіпорындар мониторингінің нәтижесін мәлімдеді.

ҚР Ұлттық банк ақпаратына сәйкес, 2023 жылы IV тоқсанда дайын өнімнің, шикізат пен материалдар бағасының өсу қарқыны бәсеңдеді. Шетел валюталарына қатысты теңге бағамының құбылуындағы теріс әсер азайды.

«Кәсіпорындарда өнім бағасының өсуі баяулап келеді. Диффузиялық индекс (ДИ) 57,7 құрады (2023 жылғы III тоқсанда – 57,9). Кәсіпорындардың дайын өніміне сұраныс та аздап бәсеңдеді, ДИ 49,3-ге дейін (49,7) төмендеді»,– делінген хабараламада.

Жалпы экономика бойынша сатылымның орташа рентабельділігі 23,3%-ға дейін (24,2%) төмендеп, бірнеше жыл бойы тұрақты болып келеді.

Кәсіпорындарда Қазақстан экономикасының жай-күйі бизнесті жүргізудегі негізгі кедергі деп есептейді. Бұл туралы сауалнамаға қатысқан кәсіпорындардың 31,1%-ы мәлімдеді.

Басқа кедергілер: бәсекелестік (30,4%); салық деңгейі (28,2%); білікті кадрлардың тапшы болуы (26,3%). Сондай-ақ сатып алушыларды іздеу (25,0%); реттеушілік өзгерістер (16,5%); дебиторлық қарызды қайтарудағы қиындықтар (15,5%) болып отыр.

Нақты сектордағы кәсіпорындардың сауалнамасын біріктіріп бағалауды білдіретін композиттік озыңқы индикатор (KOИ) 100,1 болды. Кәсіпорындардың 2024 жылғы I тоқсан бойынша күтуі жоғары. Алдағы кезеңге арналған композиттік озыңқы индикатор көрсеткіші 100,4 болды.

Еске сала кетсек, Ұлттық банк 2023 жылы алтын сатудан әлемдік рекорд орнатты деп жазған едік.

2023 жылы Қазақстанның Ұлттық банкі алтын сатуда әлемдік көшбасшыға айналған. Былтыр бас банк 57,43 тонна алтын сатып, халықаралық резервтегі алтын көлемін қысқартты. Өзге елдердің Орталық банктері, керісінше, алтын сатып алуды арттырған. Бұл туралы HalykFinance сарапшыларының шолуында жазылған.

Әлемдік сұраныстың артуы және алтын бағасының қымбаттауы аясында ҰБ халықаралық резервіндегі алтын үлесі 54,2%-ды құрады. Бұл ҰБ-ның 50-55 пайыз деңгейіндегі жоспарына сай келеді.

Есесіне дамушы елдердің орталық банктері алтын сатып алуда соңғы 20 жылдағы рекорд орнатқан.