Қатардың Power International Holding холдингі Tele2 және Altel брендтерімен жұмыс істейтін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ні сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы «Қазақтелеком» АҚ Коммуникациялар департаменті хабарлады.
«Қазақстанның ірі телекоммуникациялық операторы «Қазақтелеком» өзінің мобильді активтерінің бірі – «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ні (Tele2/ALTEL брендтері) Таяу Шығыстың жетекші конгломераты – Қатардың Power International Holding-ке сатуды көздеп отыр. Қағидаттар туралы тиісті үшжақты келісімге («Самұрық-Қазына» АҚ) бүгін тараптар Қазақстан Президентінің осы араб еліне ресми сапары шеңберінде қол қойды», – делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақтелеком» компаниялар тобына кіретін операторлардың бірін сату туралы әңгіме Қазақстанда көптен бері айтылып келеді. Дегенмен бұған қатысты нақты шешім осы күнге дейін айтылмады.
«Биыл 20 қаңтарда экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС сату туралы шешім қабылданған болатын, әрі бүгін Катарда «Қазақтелеком», «Самұрық-Қазына» және Power International Holding қол қойған келісім шеңберінде «МТ-С» 100% үлесін сатып алудың негізгі шарттары туралы уағдаласты»,– делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта «Қазақтелеком» «Мобайл Телеком Сервис» жалғыз акционері болып табылады. Сондай-ақ мемлекеттік холдингке Kcell акцияларының 51%-ы тиесілі.
Power International Holding – бұл экономиканың түрлі секторларын қамтитын Қатар конгломераты. Компанияда 65 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді, әлем бойынша 1000-ға жуық түрлі жобалар іске асырылуда. Мәселен, 2022 жылдың қазан айында Қатар Әмірінің Қазақстанға ресми сапары аясында холдинг Астанада құны 300 миллион долларға жуық ірі халықаралық медициналық кешен салу туралы Меморандумға қол қойған болатын.
«Біз Қазақстанда ұялы байланыс операторын сатып алу туралы келісімге қол қойғанымызға, әрі инвестициялық ахуалы өте қолайлы және іскерлік орта дамыған сіздің еліңізде Pih бизнесін кеңейтіп жатқанымызға өте қуаныштымыз», – деді Power International Holding W. L. L. Төрағасы Мұхаммед Мутаз Әл-Хайят.
Еске сала кетсек, «Қазақтелеком» жыл соңына дейін Tele 2 мен Altel операторларын сатады деп жазған едік.
«Қазақтелеком» жыл соңына дейін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ні (Tele 2 және Altel брендтері) сатады. «Ашық НҚА» порталына орналастырылған құжат 14 ақпанға дейін қоғам талқысына ұсынылған.
«Қазақтелеком» акционерлік қоғамы» деген бөлім «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС тармақшасымен толықтырылмақ. Серіктестік аукцион арқылы емес, тікелей сатылады.
«Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС жеке оператор ретінде жұмыс істейтін Tele2 және Altel брендтеріне иелік етеді.
Айта кетейік, Қазақстанда виртуалды ұялы байланыс операторы пайда болуы мүмкін.