Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының әкімі Шапағат Әубәкірді ұстады. Ол қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігінде (пара алу) көрсетілген әрекетті жасады деген күдікке ілінді.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлытау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы пара алды деген күдікке ілінді. Агенттік ақпаратына сүйенсек, ол облыс аумағындағы ежелгі қорымдардағы археологиялық қазбалар жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарты бойынша актілерге қол қойғаны және жалпы қамқорлығы үшін мердігер ұйымнан 2 млн теңге көлемінде пара алды деп күдіктеліп отыр.
Шапағат Әубәкір мемлекеттік қызмет саласындағы еңбек жолын 2006 жылы «Сәтбаев қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі» бас маманы болып бастаған. 2015 жылдан 2016 жылға дейін қаланың экономика және қаржы бөлімі бюджеттік жоспарлау секторының меңгерушісі қызметін атқарды. 2016 жылдан бастап қаланың экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2020 жылдың наурыз айында қаланың экономика және қаржы бөлімі басшысы болып жұмыс істеген.
Ұлытау облысы әкімінің 2023 жылғы 20 қаңтардағы өкімімен Сәтбаев қаласының әкімі болып тағайындалған.
2024 жылы қаңтардың басында Алматыдағы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары кәсіпкерлерден ірі көлемді пара алу бойынша күдікті болған.
Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті Жетісу ауданы әкімінің орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
«Ол жергілікті кәсіпкерлерден 14 миллион теңге көлемінде пара алу бойынша күдікке іліккен. Қаражат мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасуға, орындалған жұмыстар актілеріне қол қоюға және жалпы қамқорлыққа алуға жәрдемдесу үшін алынған», – деп жазылған хабарламада.