Кеншілерді бопсалап, ҚТЖ-ны тонаумен айналысқан: ІІМ ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстады
Қарағанды облысының полицейлері кеншілер мен Абай облысының тұрғындарын бопсалаумен, теміржол станцияларын тонаумен айналысқан қылмыстық топ мүшелерін ұстады. Бұл жайлы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қарағанды облысының полицейлері Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, Qarmet АҚ-ның жұмыскерлерімен Абай қаласы тұрғындарын бопсалаған қылмыстық топты құрықтаудың екінші кезеңін өткізді», – деп хабарлайды ІІМ-нің баспасөз қызметі.
Бірінші кезең операциясы желтоқсанда жүргізіліп, Qarmet кеншілерін бопсалаған қылмыстық топ мүшелері ұсталған болатын. Соларды тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық жасау және қатысу бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Нәтижесінде жалпы құны 55 миллион теңгеден астам өзге де бопсалау деректері анықталған.
«Қылмыстық топтың «Қазақстан Темір Жолы” АҚ-ның объектілерінен тауар-материал ұрлау дерегіне қатысы бары анықталды. Осыған орай осы жылдың 13 ақпанында полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің жедел уәкілдері жоғарыда аталған қылмыстарға қатысы бар тағы да 8 адамды ұстады», – делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері 25 тінту жұмыстарын жүргізген. Тінту кезінде тіркелмеген атыс және суық қару, оқ-дәрілер және діни кітаптар тәркіленген. Қазіргі таңда олардың осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы тексеріліп жатыр.
Бұл операцияның бірінші кезеңінде қылмыстық топ мүшелерінің ұсталғаны туралы «Курсив» жазған болатын. Полиция жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде бұл қылмыстық топтың осындай 15 фактіге қатысы бар екенін анықтаған. Сонымен бірге 15-ке жуық тінту іс-шаралары жүргізіліп, нәтижесінде тіркелмеген атыс және суық қару түрлері, сондай-ақ оқ-дәрілер мен діни әдебиеттер тәркіленген. Қазіргі таңда қылмыстық топқа қатысы бар 10 адам ұсталған. Оның ішінде топтың көшбасшысы мен ең белсенді мүшелері бар.
Құрықталған қылмыстық топ қару қолданып, түрлі криминалдық жанжалдарға қатысқан. Сонымен бірге Қарағанды облысының Абай ауданына қарасты теміржол станциясының жүктерін ұрлаған.
Сол кезде Қарағанды облысы полиция департаменті тергеу басқармасының қылмыстық топ мүшелерінің басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатқаны айтылған.