«Алтыналмас» компаниясы жарылғыш заттарды өндіру мен сатуға алған рұқсатты жаңартты
Алтын өндірумен айналысатын «Алтыналмас» компаниясы жарылғыш және пиротехникалық заттар мен оларды пайдаланатын бұйымдарды әзірлеу, өндіру, сатып алу, сату және сақтауға лицензиясын жаңартты.
Бұл қызметке мерзімсіз лицензияны Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті берген. Сонымен қатар «Алтыналмас» 9 ақпанда қоршаған ортаны қорғау саласында жұмыс жүргізу және қызмет көрсетуге рұқсат алды. Бірінші санаттағы мерзімсіз рұқсатты Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті берген.
Толықтыру: «Алтыналмас» компаниясының баспасөз қызметі бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Компания мәліметінше аталған лицензия компанияға KASE-дегі релизде көрсетілген уақыттан анағұрлым ерте, 2011 жылы берілген. Ал Қазақстан қор биржасына берілген мәлімет сол лицензияның жаңартылғаны турасында екен. KASE-де жарияланған тағы бір компания ақпаратында «Алтыналмас» заңды мекенжайын ауыстырғаны туралы жазылған. Сондықтан компанияның заңды мекенжайы ауысқаннан кейін, 2011 жылы мерзімсіз уақытқа берілген лицензия қайта жаңартылған.
KASE дерегіне сәйкес, «Алтыналмастың» негізгі акционерлері: Gouden Reserves B.V. – 60%, Владимир Жұманбаев – 20%, Дияр Қанашев – 10,5%, Игорь Ветиул – 6,5%. «Алтыналмастың» нарықтық капитализациясы $623,66 млн құрайды. Компанияның түпкілікті иесі және бақылаушы тарабы – Family Trust атынан әрекет ететін Trustee Pte Ltd.
2023 жылдың 9 айындағы аудиттелген қаржы есебіне сәйкес, компаниялар тобы геологиялық барлаумен айналысады. Алтын кенін өндіру және өңдеу, бағалы металдарды сату, өнеркәсіптік нысандарды жобалау және салу да – негізгі қызметі.
Алтын өндіруші 2023 жылдың қаңтар-қыркүйегінде таза пайданы 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе қысқартты. Көрсеткіш 132,6 млрд теңгеден 53,6 млрд теңгеге дейін төмендеген.
Жалпы кіріс 162,2 млрд теңгеден 108 млрд теңгеге дейін қысқарды. Операциялық сома 1,7 есе – 79 млрд теңгеге дейін төмендеді. Келісімшарт бойынша барлау мен қорытпаларды сатудан түскен түсім 341,2 млрд теңгені құраған.
2023 жылдың қыркүйек айында «Алтыналмастың» 226,6 млрд теңге несиесі болды. Оның ішінде 220,5 млрд теңгесі – 2026 жылға дейін 6,4% үстемақымен ВТБ банк берген несие.
Топ активтері Жамбыл, Қарағанды, Абай және Ақмола облыстарында орналасқан. Өндірілген кен «Ақбақай», «Долинное», «Ақсу» алтын өндіру зауыттарында, «Пустинное» байыту фабрикасында және «Алтыналмас Technology» бағалы металл өңдеу зауытында қайта өңделеді.