Қазақстан мен Қатар бірлесіп «Қашаған» кен орнында газ өңдеу зауытын салмақ
Қазақстан Республикасы мен Қатар мемлекеті «Қашаған» кен орнында газ өңдеу зауытын бірлесіп салатын болды.
«QazaqGaz» ҰК» АҚ мен UCC Holding «Қашаған» кен орнында газ өңдеу зауытын салу жобаларын бірлесіп іске асыру туралы келісімге келді. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни арасындағы келіссөздің қорытындысы бойынша қол қойылған келісімшарттың бірі.
Тағы қандай келісімге қол қойылды?
Сонымен қатар Қазақстан мен Қатар екі ел арасында ұстап беру туралы келісімге келді. Қос тарап қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімге қол қойды.
ҚР Үкіметі мен Қатар Үкіметі арасындағы Қазақстаннан келген жұмыскерлерді Қатар мемлекетінде жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісім жасалды.
Одан бөлек, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Байланыс және ақпараттық технологиялар министрлігі ынтымақтастық орнатады.
«Самұрық-Қазына» АҚ, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Power International Holding арасындағы энергетика және газ саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісім жасалды.
Келіссөз барысында Қазақстан Президенті қазір қазақ-қатар қарым-қатынасы кейінгі 30 жылдағы ең жақсы кезеңді бастан өткеріп отырғанын атап өткен.
Президенттің айтуынша, елдеріміз арасында тығыз саяси диалог, кеңейіп келе жатқан экономикалық серіктестік және табысты мәдени-гуманитарлық байланыстар қалыптасқан. Екі ел арасында соңғы үш жылда қол қойылған келісімдер әртүрлі саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға берік негіз болды.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қатарды Шығанақ пен Орталық Азияны байланыстыратын интермодальды көлік желісін дамыту үшін күш-жігер біріктіруге шақырды. Бұл аймақтағы экономикалық белсенділікті ынталандыруға ықпал етеді. 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырған еліміз қазір бидай мен ұн өндіру бойынша әлемде алғашқы ондыққа кіреді. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты арттыруға негіз бар екеніне назар аударды.
Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Қатар нарығына 60 шикізаттық емес тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді. Олардың жалпы құны 250 миллион доллар болады.
Сонымен қатар жақын арада тауар айналымын 500 миллион долларға дейін арттыру туралы айтылды.