Қазақстанның 11 облысында көлік қозғалысы шектелді – QazAvtoJol
QazAvtoJol елдің 11 облысының 46 жол учаскесінде көлік қозғалысына шектеу енгізілгенін хабарлайды.
«14 ақпан сағат 06:00-дегі ахуалға сәйкес ауа райының қолайсыздығына байланысты 11 облыста республикалық маңызы бар автожолдардың 46 учаскесінде көлік қозғалысына шектеу енгізілді», – делінген хабарламада.
Көлік қозғалысына шектеу келесі облыстарда енгізілген:
- Ақмола облысында – 15 учаске
- Ақтөбе облысында – 4 учаске
- Шығыс Қазақстан облысында – 1 учаске
- Жамбыл облысында – 1 учаске
- Жетісу облысында – 1 учаске
- Қарағанды облысында – 3 учаске
- Қостанай облысында – 6 учаске
- Қызылорда облысында – 3 учаске
- Павлодар облысында – 1 учаске
- Солтүстік Қазақстан облысында – 9 учаске
- Түркістан облысында – 2 учаске
Компанияның хабарлауынша қазіргі сәтте республикалық маңызы бар автожолды қысқы күтіп-ұстауға 289 бірлік техника және 347 жұмысшы жұмылдырылған.
Ал Төтенше жағдайлар министрлігі Жетісу облысында түнде қар құрсауында қалған жолаушылар құтқарылғанын хабарлады.
«13 ақпанда түнгі уақытта Үшарал Достык автожолында бір автокөлік қар құрсауында тұрып қалды. Оқиға орнына дереу құтқарушылар шықты. Олар қар құрсауында кептеліп қалған 1 техника мен ондағы адамдарды шығарып алды. Медициналық көмек қажет болған жоқ. Азаматтар ең жақын елдімекенге жеткізілді», – делінген ТЖМ хабарламасында.
Осы орайда құтқарушылар қыс мезгілінде қауіпсіздік ережелерін сақтауды және дауылды ескертулер мен жолдардың жабылуы туралы SMS алған кезде алыс жолға шықпауды ескертеді.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Абай облысының Жарма ауданындағы 9 мектептің 1-11 сынып оқушылары, 10 мектептің 1-9 сынып оқушылары, 8 мектептің 1-4 сынып оқушылары қашықтан оқуға көшірілді. Сондай-ақ Ақсуат ауданындағы 11 мектептің 1-4 сынып оқушылары, Көкпекті ауданындағы 2 мектептің 1-4 сынып оқушылары, Семей қаласындағы барлық мектептің 1-11 сынып оқушылары үшін сабақ онлайн оқыту форматына ауыстырылды.
Сонымен бірге Қостанайда Ұзынкөл, Амангелді, Арқалық ауданының мектептерінің бірінші ауысым оқушылары онлайн оқытуға көшірілген. Ауа температурасы -36 градусқа дейін төмендегені себепті Өскеменде де бірінші ауысымның 0-9 сынып оқушылары онлайн оқытуға көшірілген.
Еске сала кетсек, 13 ақпанда Самара-Шымкент жолында қызметтік міндетін атқару кезінде «ҚазАвтоЖол» маманы қаза тапты. Қайғылы оқиға Самара-Шымкент автожолының 1285 шақырымында болған. Жол-көлік оқиғасының (жол бойында тұрған көлікті соққан) салдарынан тікелей қызметтік міндетін орындау кезінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қызылорда облыстық филиалының бас маманы Сыдықов Сақтапберген Бақытжанұлы қайтыс болды.