Жаңалықтар

Қазақстанда жасанды интеллект кадрын дайындау үшін шетелдік мамандар шақырылады

Қазақстанда жасанды интеллект кадрын дайындау үшін шетелдік мамандар шақырылады / shutterstock

Қазақстанда жасанды интеллект жобасын жасап шығу үшін кадрларды дайындауға шетелдік университеттің мамандары тартылып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

«Жасанды интеллект жасау Цифрлық даму министрлігіне қарағаны жөн. Бірақ кадрларды дайындау, ғылыми зерттеу, тілдік модельдеу дайындау жұмыстарына біздің министрліктің тікелей қатысы бар», – деді министр.

Министрдің айтуынша, қазір интеллект жасау үшін Қазақстанда шетелдік ЖОО-ның 3 филиалы ашылған.

«Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Сеул ғылыми зерттеу университеті, Сәтбаев атындағы ҚАЗҰҒЗУ базасында Гонконг университеті, Жұбанов атындағы университет базасында Шотландия университеті мамандары шақырылып, жасанды интеллекке қатысты қазақстандық кадрларды дайындауға көмектеседі», –деді министр.

Оған қоса, ресейлік МГУ-дің Қазақстандағы базасында және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да аталмыш сала мамандарын дайындау үшін магистратура мен докторантура бағдарламалары ашылады. 

Бұдан бөлек, министр Қазақстанда ядролық физика мамандарын дайындау мәселесі қолға алынғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда әл-Фараби университеті, Еуразия ұлттық университеті мен Сәтпаев университетінде арнайы бағдарламалар бар. Алдағы уақытта Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінде осындай бағдарлама ұсынылады.

Жасанды интеллект мәселесі

2023 жылы қазанда Президент жасанды интеллектіні нормативтік тұрғыда реттеу қажет екендігін айтқан. Қазіргі кезде 120-дан астам ел бұл мәселені шешу үшін әртүрлі заңнамалық акті қабылдаған. Мемлекет басшысы Қазақстанның да бұл саланы құқықтық тұрғыда реттеуі шетелдік компаниялардың нарыққа келуін ынталандырады деп пайымдайды.

«Біз озық әлемдік тәжірибеге сай келетін, нарықтың қажеттілігі мен азаматтардың мүддесін ескеретін, құқықтық тұрғыдан реттейтін заманауи база әзірлеу ісін жеделдетуіміз керек. Құқықтық шарттар халықаралық компаниялардың біздің нарыққа келуін ынталандыруы қажет. Ол үшін мүдделер тепе-теңдігін сақтап, ашық және әділ «ойын ережелерін» қалыптастырған жөн. Жалпы, жасанды интеллект құралдарын адамдардың күнделікті өміріне кіріктіру оңай міндет емес. Бұл ретте олардың құқықтары мен бостандықтары бұзылмауы тиіс. Форумға қатысушылар осы саланы реттейтін негізгі құжаттарды, соның ішінде Цифрлық кодекс жобасын әзірлеуге үлес қоса алады деп үміттенемін», – деді Президент.

Жалпы, 2026 жылға таман жаһандық жасанды интеллект нарығының айналымы 900 млрд долларға жетпек. International Data Corporation зерттеу ұйымының болжамынша, 2022-2026 жылдар аралығында жасанды интеллект саласындағы шешімдер нарығы жыл сайын 18,6 пайызға өсім көрсетіп отырады.

Президент бұған дейін Қазақстанның басты мұраты – келешектің цифрлық экономикасына көшу деген еді. 

«2022 жылы еліміздегі цифрландыру саласы 12 пайызға өссе, IT өнімдері мен қызметтер экспорты 5 есе ұлғайып, 333 миллион долларды құрады. Қазақстанның басты мақсаты – 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 500 миллион долларға дейін жеткізу. Дегенмен мұнымен тоқтап қалмаймыз, бұл бағыттағы жұмыс жалғаса түседі», – деді президент.

Жақында бизнес секторға бағытталған қазақ тілді жасанды зерде іске қосылғаны хабарланған. Awara IT халықаралық компаниясы Prompt Wagon қосымшасының қазақ тіліндегі бета-нұсқасын іске қосты. Жоба Microsoft Global AI Hackathon аясында еліміздегі ірі компанияның тапсырысымен арнайы қазақ тілінде дайындалған.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жыл  соңына дейін жасанды интеллекті дамыту стратегиясын жарияланатынын мәлімдеген.