Алаяқтар келтірген шығынды өтеп беру байланыс операторлары мен банктерге жүктеледі
Алаяқтар қазақстандықтарды 2022 жылы 96 млрд теңге шығынға ұшыратқан. Бұл қаржылық қылмыстардың дені шетелден жасалады. Депутаттар киберқылмыстардың алдын-алудың тың тәсілін ұсынды.
Халық партиясының депутаты Магеррам Магеррамов Қазақстандағы телефон және интернет алаяқтығы құрбан болғандар саны мен мүліктік залал мөлшері бойынша алдыңғы қатардағы қылмыстардың біріне айналғанын айтты.
«Тек 2022 жылдың өзінде алаяқтар Қазақстан тұрғындарына 95,8 млрд теңге көлемінде шығын келтірген – бұл 2021 жылмен салыстырғанда 88,3%-ға көп, қылмыстардың жартысына жуығы интернет кеңістігінде жасалған. Осы санаттағы қылмыстық істерді ашу деңгейі төмен болғандықтан, жәбірленушілердің тек 2,5 пайызына материалдық шығын өтелген», – дейді депутат.
Магеррамов киберқылмыстарды халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтар жасап жатуы мүмкін екенін айтады. Тек 2023 жылдың өзінде, ІІМ мәліметі бойынша, Қазақстанға жалған нөмірлерден түскен 43 миллионнан астам қоңырау бұғатталған. Алаяқтардың алдау тәсілдері күн сайын түрленіп отырған. Олардың қылмысын құзырлы мемлекеттік органдардың шеше алмай отырғанын айтты.
Депутат азаматтарға алаяқтардан төлем жасау туралы есеп-шот келетінін алға тартты. Бұл операциялардың үшінші тұлғалар көмегімен жасалып жатқанын атап өтті. Алаяқтар үшінші тұлғалардан нөмірі мен жеке кәсіпкерлік есепшоттарын жалға алады.
«Солайша алаяқтар жеке кәсіпкерлердің атынан әрекет етіп, іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетпей, өз жәбірленушілеріне төлем жасау үшін шот-фактуралар беріп, кейіннен төлем жүйелеріне және жеке кәсіпкерлердің банктік шоттарына қол жеткізе отырып, алынған ақшалай қаражатты ұрлайды. Көптеген қазақстандықтар өздерінің жеке кәсіпкерлері мен телефон нөмірлерін жалға беруді пассивті табыс көзі деп қателесіп, заңды кәсіпкерлік қызметпен айналыспай-ақ жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі. Бұл Қазақстан азаматтарының алаяқтардың күшті және жан-жақты кибершабуылына ұшырағанын көрсетеді»,- дейді Магеррамов.
Ол осы мәселеге байланысты депутаттардың қазақстандықтардың мүдделерін қорғауды көздейтін арнайы ұсыныстар дайындап жатқанын айтты. Оған сәйкес екінші деңгейлі банктер мен ұялы байланыс операторларына олардың инфрақұрылымын пайдалана отырып жасалған алаяқтық үшін жауапкершілік қарастырылған. Яғни алаяқтар сол банктер мен операторлардың инфрқұрылымдық жүйесін алаяқтық схемалары үшін пайдаланса, зардап шеккендердің шығынын солар өтеп беруі тиіс.
«Заң жобасындағы бұл жауапкершілік өсіп келе жатқан кибералаяқтықпен күресті күшейтіп, қаржылық және телекоммуникациялық компаниялардың қуатты технологиялық ресурстарды қосуына ықпал етеді», – дейді депутат.
2023 жылдың алаяқтыққа қатысты көрсеткіштері қандай?
Жалпы 2023 жылы алаяқтар 97 миллиард теңгеге жуық қаржыны қолды қылған. Мұндай құқық бұзушылықтардың жартысына жуығы интернет-алаяқтыққа қатысты: 19,9 мың жағдай, жылдық өсім — 5,8%. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде төлем карталарын пайдалана отырып (267 жағдай), кредит беру саласында (53 жағдай), ақшалай қаражатты қарызға алу жолымен (41 жағдай) және т.б. алаяқтық әрекеттер тіркелген.
Ал Ерұлан Жамаубаев депутаттардың сауалына берген жауабында 2023 жылы қабылданған шараларға қарамастан, алаяқтықтың 3 %-ға артқанын айтты. Солайша бұл бағыттағы қылмыстар саны 43 499-дан 44 786-ға дейін артқан. Ал олардан келтірілген залал 26%-ға өсіп, 110млрд теңгеден 139млрд теңгеге жеткен.
Маусымда Ішкі істер министрлігі Қазақстан бойынша 34 млн алаяқтық қоңырау бұғатталғанын мәлімдеді. Өткен жылы интернет-алаяқтық кезінде ұрланған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан 5 трансұлттық қылмыстық топ анықталған.
Ал өткен жылдың желтоқсан айында Украинаның ұлттық полициясымен бірге Днепропетровск облысының аумағында арнайы операция жүргізілген. Нәтижесінде қазақстандықтарды алдаумен айналысып, алаяқтық жасап жүрген Украинаның 32 азаматынан тұратын қылмыстық топ құрықталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде IP-телефонияны пайдалану арқылы жасалатын телефон алаяқтығы екі есе төмендеген.