Қазақстан екі жылда орман өртінен 385 млрд теңге шығынға ұшыраған

Жарияланды
орман өртінен
Екі орман өртінен 384 млрд теңге шығын келген / Фото: kursiv.media

Қазақстан екі жылдағы екі орман өртінен 384 млрд теңге шығынға ұшыраған. Бұл жайлы Мәжіліс отырысында депутат Еділ Жаңбыршин айтты.

«Жақында бізде Үкімет сағаты өтті. Онда орман шаруашылығы мәселесін қарадық. Бұл мәселені Мемлекет басшысы қатаң қадағалауды тапсырған болатын. Оны өзіңіз де білесіз. Екі жылда біз үлкен шығынға ұшырадық. Біздің есебіміз бойынша осы екі жылда мемлекетіміз 384 млрд теңге шығынға ұшыраған. Ал «Болашақ» бағдарламасы бойынша бірде-бір біздің маман, бірде-бір ғалым дайындалмапты. Министрлік осы мәселеге көңіл бөліп жатыр ма? Бұл проблема тек орманшылар мен экологтарға ғана қатысты емес. Сонымен бірге маман дайындауымыз қажет. Осындай елімізге қажетті мамандықтарды қашан даярлаймыз?»,  – деп сұрады

Министр өз кезегінде бұл мәселе бойынша министрлік тарапынан тиісті шаралар атқарылып жатқанын айтты.

«Расында, бұл  – өте маңызды мәселе. Қазіргі таңда орман шаруашылығына қатысты бірнеше шараларды жүзеге асырып жатырмыз. Мәселен, Солтүстік Қазақстандағы Қозыбаев атындағы өңірлік университеті негізінде Қытайдың Сиянь қаласында орналасқан Батыс-солтүстік орман шаруашылығы институты бар. Соның филиалы ашылады. Биыл біз келісімшартқа қол қойдық. Неге біз Қытаймен жұмыс істегіміз келеді? Өйткені оларда 2 трлн ағаш бағдарламасы өте табысты түрде жүзеге асырылған. Негізгі сол бағдарламаға ғылыми зерттеулер жасаған ғылыми университеттер болды. Соның бірі осы Батыс-солтүстік орман шаруашылығы университеті. Университет тек қана орман шаруашылығымен айналысады. Қазіргі таңда оқу бағдарламаларын дайындап жатырмыз», – деді.

Сонымен бірге министр Қазақ ұлттық аграрлық университетінің негізінде тағы бір Қытай университетімен келісімшарт әзірленіп жатқанын айтты. Бұл орайда АҚШ тәжірибесі де назардан тыс қалмаған. Министрлік қазіргі таңда АҚШ-тың Огайо университетімен де келіссөздер жүргізіп жатыр. Министрдің айтуынша, бұл университетте де орман шаруашылығы саласы мықты.

«Қазіргі уақытта осы университеттермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұдан бөлек тапшы мамандықтарға қатысты арнайы квота дайындаудамыз. Бұл квоталарды әр университеттің ректорларына табыстап отырамыз. Олар осы квота бойынша өңірлерден осы мамандықтарға түсуге ниет білдірген оқушыларды іздейді»,  – деді министр.

Бұған дейін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Еділ Жаңбыршин 2 жылдағы екі ірі орман өртінен Қазақстан 182 млрд теңге залал шегіп, 100 мың гектардан астам орманынан айырылғанын айтты. Ал өрт салдарын жойып, орманның қалпына келуі үшін 20-30 жыл уақыт пен қосымша 50,9 млрд теңге қажетін атап өтті.

Естеріңізге сала кетсек, 8 маусымда «Семей орманы» резерватындағы Батпаев орман шаруашылығының аумағында орман өртене бастады. Өрт ауқымы кеңейіп, елді-мекендерге қауіп төне бастаған соң, жақын маңдағы аудандардың тұрғындары эвакуацияланды.

Бастапқыда үш гектарға да жетпейтін жер болса, кейін өрт аумағы күрт ұлғайып, жүз гектарға жетті. Өрт адам шығынына әкеліп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл сапармен Абай облысына келді.

9 маусымда Семейде табиғи сипаттағы жергілікті төтенше жағдай режимі енгізілді. 10 маусым күні таңертең Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильинді қызметінен босатты.

«Семей орманы» резерватында болған ірі орман өртін жою кезінде Новошульба филиалының 14 қызметкерімен байланыс үзілді. Кейін барлығының да қаза тапқаны белгілі болды. Бірнеше күн өткен соң өрт сөндіруге жалғыз кеткен тракторшының өлі денесі табылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда 12 маусымды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бас прокуратурада Абай ауданындағы ірі өрт фактісі бойынша екі қылмыстық іс қозғалып, министрлер мен әкімдерден өз шеңберінде жауап алатынын хабарлады.

ТЖМ баспасөз қызметі 14 маусым күні кешке 60 мың гектар алқапты жайпаған алапат өрттің оқшауланғанын хабарлады. Өрт 13 шілде күні толық сөндірілді.

Сондай-ақ оқыңыз