БЖЗҚ 24,9 млрд теңгеге Air Astana акциясын сатып алды
Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтері есебінен «Эйр Астана» АҚ-ның қарапайым акцияларын бастапқы орналастыруға (IPO) қатысты. Нәтижесінде 24,9 млрд теңге зейнетақы қаржысына Air Astana-ның қарапайым акцияларын сатып алған.
1 акция 1 073,83 теңгеден сатып алынған. Жалпы саны 23,2 млн дана немесе шығарылған компания акцияларының 6,5%-ын құрады.
«Қазақстанның жоғары сапалы эмитенттерінің қарапайым акцияларын сатып алу БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелін әртараптандыруға бағытталды және ұзақмерзімді перспективада оның кірісін арттыруға ықпал етеді», – делінген хабарламада.
Ұлттық банк БЖЗҚ активтерін «Эйр Астананың» қарапайым акцияларына инвестициялау туралы шешімі компания қызметінің жоғары рентабельділігіне негізделгенін түсіндірді. Әуе компаниясының тұрақты қаржылық көрсеткіштері, қызмет нәтижесі болашақта тұрақты дивиденд төлеуге мүмкіндік бермек.
IPO барысында әуе компаниясы акцияларының 58%-ы – қазақстандық нарықта, 42%-ы халықаралық нарықта орналастырылған. Қазақстан нарығындағы жалпы сұраныс $483 млн асты. Жеке инвесторлар жалпы сомасы 216 млн долларға 60 мыңға жуық өтінім беріп, сұраныстың шамамен 53 % қанағаттандырылған.
Компания акциларына деген сұранысты 38%-ын қамтамасыз еткен институционал инвесторлар арасында БЖЗҚ-ның үлесі басым.
Кеше Қазақстан қор биржсы «Эйр Астана» акцияларын жария орналастыру нәтижесін шығарды. Хабарламада жеке тұлғалар шотына 24,3 млрд теңгеге тең (KASE-де орналастыру көлемінің 49,4%) бағалы қағаз түскені жазыллған. Ал өтінімі қанағаттандырылған институционал инвесторларға 24,9 млрд теңгенің бағалы қағазы жіберілген. Бұл – БЖЗҚ акция сатып алынған қаржыға тең.
Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) де Air Astana акциясына $42 млн инвестициялады. Нәтижесінде банк әуе компаниясының 5 пайыз акциясына иелік етеді.
Air Astana да көміртекті бейтарап компания болғысы келеді. Ал ЕҚДБ бұл мәселеде үлкен тәжірибесі болғандықтан «Эйр Астанаға» көмектесеміз деп мәлімдеді.