ҚР Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады.
Банк ақпаратына сүйенсек, сарапшылар Қазақстан экономикасының өсуі және 2024-2025 жылдарға арналған мұнай бағасы бойынша күтулерді сақтап қалды. Бұл ретте басқа параметрлерге қатысты болжамдар біршама өзгерді.
Сауалнаманың негізгі параметрі – Brent маркалы мұнайдың бағасы, жалпы ішкі өнім, тұтыну бағаларының индексі, базалық мөлшерлеме, тауарлардың, қызметтердің экспорты мен импорты, ұлттық валюта бағамы.
Сауалнамаға Қазақстан бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерді талдап, болжаумен айналысатын 12 ұйым қатысқан. Респонденттер қатарына нарықтағы кәсіби қатысушылар, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кірді.
«Биыл ақпан айында мұнай бағасына қатысты сценарий шарттары айтарлықтай өзгерген жоқ. Респонденттердің орташа күтулеріне сүйенсек, 2024 жылы Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 80,5 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасады. 2025 және 2026 жылдарға негізделген күтулер өзгеріссіз қалды», – делінген хабарламада.
Сөйтіп Қазақстан экономикасының 2024 және 2025 жылдарға арналған өсімі бойынша бағалау тиісінше 4,5% және 5% деңгейінде сақталды. 2026 жылға болжам 4,2%-дан 4,5%-ға дейін жақсарды.
«Талдаушылар 2024 жылы инфляцияның барынша жоғары деңгейін күтеді. Бұл – болжамдарды 7,5%-дан 8,5%-ға дейін көтеру жағына қайта қаралғанын білдіреді. Ал, 2025 жылға арналған инфляциялық бағалаулар 6,9%-дан 6,5%-ға дейін төмендетілді. Болжам жасайтын аралықтың соңына қарай респонденттер 5%-дық мақсат кезінде инфляция 5,7%-ға дейін баяулайды деп күтеді», – делінген ҚР Ұлттық Банк баспасөз қызметінде.
Айта кетейік, инфляция бойынша берілген бағалардың өзгеруіне ілесе отырып, талдаушылардың 2024 жылға арналған базалық мөлшерлеме деңгейіне қатысты күтулері де қайта қаралды. Ол 13,5%-дан 13,8%-ға дейін өскенін көрсетті. 2025 және 2026 жылдарға арналған базалық мөлшерлеме бойынша болжамдардың медианалық мәні тиісінше 10,5% және 9% құрады.
Ұлттық Банк 11 қаңтар күні де макроэкономикалық сауалнаманың нәтижелерін жариялады деп жазған едік.
Макроэкономикалық сауалнамаға Ұлттық Банктің болжамдары кірмейтінін атап өткен жөн.
«Қаңтарда респонденттер 2024 және 2025 жылдарға арналған күтулерін жаңартып, болжамды кезеңді 2026 жылға дейін кеңейтті.
«Сарапшылар инфляция бойынша 2024 жылға арналған болжамын 8%-дан 7,5%-ға дейін біршама жақсартты. Ал, 2025 жылға арналған болжам аса өзгерген жоқ – 6,9% (алдыңғы болжам – 7%). Болжамды кезеңнің соңына қарай респонденттер инфляцияның 5,8%-ға дейін баяулауын күтеді.
Респонденттер 2024 жылға арналған базалық мөлшерлеме бойынша күтулерді орташа жылдық 12%-дан 13,5%-ға дейін көтерді. 2025 жылға арналған мөлшерлеме болжамдары 10% деңгейінде сақталды. 2026 жылы респонденттер базалық мөлшерлеменің айтарлықтай төмендеуін күтпейді. Сөйтіп ол болжам 9%-ды құрады», – деді Ұлттық Банк баспасөз қызметі.
Сондай-ақ Ұлттық банк 2023 жылы алтын сатудан әлемдік рекорд орнатты.
2023 жылы Қазақстанның Ұлттық банкі алтын сатуда әлемдік көшбасшыға айналған. Былтыр бас банк 57,43 тонна алтын сатып, халықаралық резервтегі алтын көлемін қысқартты. Өзге елдердің Орталық банктері, керісінше, алтын сатып алуды арттырған. Бұл туралы HalykFinance сарапшыларының шолуында жазылған.
Әлемдік сұраныстың артуы және алтын бағасының қымбаттауы аясында ҰБ халықаралық резервіндегі алтын үлесі 54,2%-ды құрады. Бұл ҰБ-ның 50-55 пайыз деңгейіндегі жоспарына сай келеді.
Есесіне дамушы елдердің орталық банктері алтын сатып алуда соңғы 20 жылдағы рекордты орнатқан.