Димаш Құдайберген БҰҰ-ның ізгі ниет елшісі атанды

Жарияланды (жаңартылды )
Димаш Құдайберген БҰҰ-ның ізгі ниет елшісі атанды/ Фото: instagram.com/kudaibergenov.dimash

Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің БҰҰ-ның көші-қон ісі жөніндегі ізгі ниет елшісі атанғаны белгілі болды. Одан бөлек тағы сегіз әлемдік жұлдыз елші атанды. Әнші  ізгі ниет елшісі ретінде мигранттардың құқықтарын қорғауды мақтан тұтатынын айтты.

«Мен Халықаралық көші-қон ұйымының ізгі ниет елшісі ретінде мигранттардың құқықтарын қорғауды мақтан тұтамын. Әрбір адамның құқығы мен мүмкіндіктері үшін аспаны ашық бейбіт әлемді бірге құрайық», – деді Димаш Құдайбергенов.

Фото: iom.int

Басқа елшілерге тоқталсақ:

Ама К. Абебрезе, актриса әрі тележүргізуші, Гана;

Николас Марин Бенитес, фотограф, Аргентина/Аруба;

Пол Чой, фотограф, Маврикий;

Муктар Диакаби, футболшы, Гвинея;

Кофи Кинаата, музыкант және бірнеше әннің авторы, Гана;

Джанан Муса, баскетболшы, Босния және Герцеговина;

Мирела Сула, психолог, журналист және жазушы, Албания;

«Атлетико Пеньяроль» клубы, футбол клубы, Уругвай.

Халықаралық көші-қон ұйымы – көші-қон саласындағы жетекші үкіметаралық ұйым. Ұйым гуманистік және тәртіпке негізделген көші-қон мигранттар мен қоғамға тек пайда әкеледі деп есептейді. Халықаралық көші-қон ұйымы Біріккен ұлттар ұйымының жүйесіне 2016 жылы ассоциацияланған ұйым ретінде қосылған.

Еске сала кетсек, Димаш Құдайберген Костенко шахтасында қайтыс болған кеншілердің отбасыларына 20 млн теңге көмек көрсетті деп жаздық.

Әнші Костенко шахтасындағы апаттан әкелері қайтыс болған, кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар 20 отбасыға 20 млн теңге аударған. Бұл туралы ақын Бауыржан Бабажанұлы facebook желісінде жазды. Оның айтуынша, бұл ақпаратты әншінің әкесі Қанат Айтбаев растаған.

«Қарағандыдағы Костенко шахтасында қаза тапқан 46 азаматтың қайғысы әлі ұмытылған жоқ. Мемлекет те, жеке кәсіпкерлер де олардың отбасына қолұшын созып жатыр. Әйгілі әнші Димаш Құдайберген де бұл сауапты істен сырт қалған жоқ. Ол сол апатта әкелері қайтыс болған, кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар 20 отбасыға кеше 1 миллион теңгеден аударды», – деп жазады ақын.

Биылдан бастап құрметті марапаттар қатарына «Қазақстанның халық жазушысы» және «Қазақстанның халық әртісі» атақтары қосылды. Республика күні қарсаңында Димаш Құдайберген қолынан «Қазақстанның халық әртісі»  атағын алды.

Сондай-ақ Димаш алғаш рет Коста-Рика теледидарында өз өнерін ортаға салады деп жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз