ҚМА «Тиолайн» компаниясының тең иесі Виктор Долгалевке қатысты тергеу жүргізуде. Бұл туралы ҚР ҚМА баспасөз қызметі хабарлады.
2024 жылдың 3 ақпанында «Тиолайн» компаниясының иелерінің бірі Виктор Долгалев жер қойнауын рұқсатсыз пайдаланғаны үшін ұсталды.
Ақпаратқа сәйкес, ол заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, 26 млрд теңге көлемінде табыс тапқан.
Тергеу мәліметтері бойынша, 2021 жылдың наурыз айында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі компанияның 38 млрд теңгеге қаржылық және инвестициялық міндеттемелерін орындамауына байланысты «Обуховское» кен орнында жер қойнауын пайдалану бойынша келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатқан.
«2020 жылдың 1 маусымында сот шешімімен Долгалевке «Тиолайн» компаниясының мүлкін басқаруға тыйым салынды. Осыған қарамастан, Долгалев өзінің бақылауындағы құрылымдар арқылы заңсыз тау-кен өндірісін жалғастырып, Қытайға және басқа елдерге сұр схемалар бойынша экспорттаған. Тек үш жыл ішінде (2021-2023 жж.) 113 мың тоннаға жуық кен экспортталды», – делінген ҚМА баспасөз қызметінде.
Маманның қорытындысы бойынша, қылмыстық табыстың жалпы сомасы 26 млрд теңгеден асты. Бұл қаражатқа еншілес тұлғалар арқылы кен орнына іргелес жатқан 7,5 мыңға жуық гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер сатып алынған. Ол жерде де заңсыз кен өндіру жүргізілген.
Сонымен қатар 2 млрд теңгеге бюджетке төленетін салықтар мен төлемдерден жалтару фактілері анықталды.
Еске сала кетсек, Обуховский тау-кен байыту комбинатының қожайыны қамауға алынды деп жазған едік. Бұл ақпаратты Солтүстік Қазақстан облысының соты растаған.
СҚО сотының хабарлауынша, қазақстандық кәсіпкер Долгалев екі айға қамалған.
Оны 2 ақпанда Солтүстік Қазақстан облысының экономикалық тергеу департаментіне жауап алуға шақырған. Ал келесі күні полиция оны қамауға алған.
«Сот оған екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», –деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Алдын-ала мәлімет бойынша, кәсіпкердің үстінен іс жерді заңсыз пайдалануға қатысты қозғалған.
Обуховский тау-кен байыту комбинатының тарихы туралы
Обуховский кен байыту комбинаты – титан-цирконий концентратын шығаратын әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданында орналасқан. Қазақстандық компанияның қожайыны – Виктор Долгалев.
Бір кездері Долгалев бұл тау-кен байыту комбинатынан айрылып қалған. Комбинат тарихына үңілсек, 2004 жылы қазақстандық кәсіпкер Виктор Долгалев рутил-цирконий концентратын шығаратын ірі кәсіпорын құру мақсатымен ресейлік кәсіпкерлер Дмитрий Пяткин және Александр Фрайманмен бірлесіп «Тиолайн» компаниясын құрады.
Жоба сол кездің өзінде сол кезде жұмыс істеп тұрған Долгалевтың Лисаково титан-цирконий зауытының (ЛТЦЗ) базасында іске қосылады. Қазақстандық кәсіпкер Тиолайндағы үлесіне өз зауытын салады. Ал Пяткин мен Фрайман 5 миллион доллардан қосады. 2005 жылы компания Обухов титан-цирконий кен орнының жер қойнауын пайдалану жөніндегі тендерді жеңіп алады. 2006 жылдың қыркүйегінде тиісті бөліммен тиісті келісім-шартқа қол қояды. Осы тұстан бастап, табысты бөліп алуға қатысты келіспеушіліктер туындайды.
2006 жылы Долгалев сырттай директор қызметінен босатылады. Оның жарғылық капиталдағы үлесі 20 пайыздан 0,049%-ға дейін түсіріледі. Ал 2011 жылы Санкт-Петербордағы жеке арбитраждық соттың шешімімен Долгалев ресейлік серіктестерінің жағымсыз ұсыныстарына келіспегендіктен, «Тиолайн» мүшелігінен шығарылады. Виктор Долгалевқа шетел валютасында 3 ай мерзімге жылдық 40% мөлшерлемемен өндірісті дамытуға несие алу жүктеледі, бірақ ол бұл шарттан бас тартады. Нәтижесінде компания банкротқа ұшырайды.
Ал 2015 жылдың басында ұзақ сот процестерінен кейін Долгалев өз құқықтарын қалпына келтіреді. Ал 2016 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық соты Санкт-Петербургтің жеке арбитраждық сотының шешімін бұзып, кәсіпкерді «Тиолайн» ЖШС құрылтайшысы қызметіне қайта тағайындайды. Судья Қазақстан азаматын қазақстандық компанияға қатысу құқығынан айыру туралы шешімнің Санкт-Петербургте қабылданғанын еш түсінбеген.
Солайша компания қайта жұмысын бастайды. Бүгінде кәсіпорын еліміздегі ең ірі рутил-цирконий концентратын өндіретін компания және 100 үздік халықаралық компаниялардың қатарына кіреді