Жаңалықтар

1 сәуірден бастап Ресейге ЕАЭО елдерінен әкелінетін көліктер үшін қосымша ақы төленеді

Ресейге ЕАЭО елдерінен әкелінетін көліктер үшін қосымша ақы төленеді/Фото: shutterstocks

Ресейде автомобильдерді әкелу үшін төлемдерді есептеу тәртібі өзгереді. Бұл туралы Ресей Федерациясының Үкіметі хабарлады.

«Жақын арада Ресей аумағына Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінен автомобильдер әкелумен айналысатын азаматтар мен компаниялар кәдеге жарату алымын көтеруге мәжбүр болады. Өзгерістер 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап күшіне енеді», – делінген хабарламада.

Баждың мөлшерін Үкімет анықтайды. Ал есептің дұрыстығын бақылау Федералды кеден қызметіне беріледі.

Ресейге әкелінетін электромобильдер назардан тыс қалмайды. Олар үшін салықтар мен алымдарды төлей отырып, міндетті кедендік рәсім де енгізіледі.

«ЕАЭО елдерінен электр қозғалтқышы бар автомобильдерді әкелу үшін Ресейде кедендік рәсімдеуді жүргізудің міндетті талабы көзделген. Бұл шара қажетті салықтар мен алымдарды толық көлемде төлеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

Жаңа ережелер 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап күшіне енеді. ЕАЭО елдерінен автокөліктерді тікелей Ресейге кедендік рәсіммен әкелетін азаматтар мен компаниялар үшін ештеңе өзгермейді.

Қазақстанға келер болсақ, қазақстандықтардың 49%-ы 20 жылдан асқан, ескі автокөлік мінеді. Ал еліміздегі жаңа көлік үлесі 6%-ды құрайды. Ал шетелден жаңа әрі қолжетімді көлік мінгісі келетін қазақстандықтар «ақылға сыймайтын кедергілерге» тап болады.

Бұл жайлы өткен жылдың соңында депутат Нартай Сәрсенғалиев  сол кездегі премьер-министр Әлихан Смайыловқа сауалында айтқан болатын.

«Қазақстанға шетелден автокөлік әкелу үшін бірнеше төлем жасау керек. Бірінші, көлік бағасының 12 пайызын құрайтын қосымша құн салығын төлеу керек. Екінші, автокөлік бағасының 15 пайызына тең мемлекеттік баж төлеу керек. Үшінші, сәйкестендіру сертификатын төлеу керек. Яки, шетелден қандай автокөлік әкелсең де, олардың Қазақстандағы диллерлерінен сертификат алу шарт, оның құны 60 мың теңгеден – 140 мың теңгеге дейін. Төртінші, кедендік алым төлеу керек, шамамен 20 700 теңге. Бесінші, автокөлік қозғалтқышының көлеміне қарай утиль алым төлеу шарт. Ол 258 750 теңгеден бастап қымбаттай береді. Қозғалтқыш көлемі 3-тен асса 1 983 750 теңге, оған қоса шамамен 350 000 теңге акциз төлеу керек. Әрі қарай, көліктің шығарылған жылына қарай төлем бар. Егер Қазақстанға әкелінген көліктің шығарылғанына 3 жылдан асса, тағы 1,8 миллион теңге төлеу керек. Оған СВХ мен порттың және брокерлердің ақшасын қосыңыз. Осынша міндетті  төлемнің салдарынан шетелдегі сапалы автокөлікті Қазақстан азаматтары әкеліп міне алмайды», – деді депутат.

Депутат барлық проблема «кедендік сеткада» екенін алға тартты. Ол Hyundai Elantra көлігінің бағаларына мысал келтірді. Айтуынша, ресми сайтта бұл көліктің бағасы 11 миллион теңгеден басталады. Ал шетелде сол автокөлікті кемінде екі есе арзанға алуға болады екен.

«Бірақ кедендік сеткада аталған көліктің бағасы 13 800 доллар деп бекітілген. Сіз оны шетелден 10 000 долларға сатып алсаңызда, Қазақстанға тек 13 800 доллар деген бағамен кіреді. Сондай-ақ барлық салықтық және міндетті төлем осы бағадан есептеледі», – дейді депутат.

Осы ауыртпалықтан қашқан азаматтар таусылмайтын  төлемнен қашып, шетелден алған автокөліктерін Қырғызстанға әкеліп, 2 есе арзанға тіркейді. Содан кейін Қазақстанға кіргізеді.

Депутат осы мәселеге байланысты Қазақстанға шетелден кіргізілетін автокөліктердің шектік құны бекітілген кедендік сетканың бағасын төмендеткен дұрыс деп санайды. Сондай-ақ алғашқы тіркеу бағасын түсіру де маңызды. Сонымен бірге Қазақстанға әкелінетін көліктердің шыққанына 3 жылдан асса, оған 1,8 млн төлеу міндетеледі. Осы мерзімді 7 жылға дейін созуды және утиль алымның бағасын төмендетуді қарастыру қажеттігін көтерген.