Қазақстандық IT-мамандар үшін дәл қазір ең тартымды жұмыс орны – Yandex компаниясында. Отандық мамандар «Қазақтелеком» компаниясында жұмыс істеуге құлықсыз. Жұмыс берушіні таңдаудағы негізгі факторлар: жалақы деңгейі, командадағы атмосфера, сондай-ақ кәсіби даму мүмкіндігі. Бұл туралы People Consulting консалтингтік фирмасының сауалнамасы нәтижесінде жазылған.
Консалтингтік фирма қазақстандық еңбек нарығында 500-ден астам IT-мамандардан сұхбат алған. Олардың арасында дизайнерлер, өнім-менеджерлері, HR қызметкерлері және менеджмент өкілдері бар. Шамамен үштен екісі (60%) – Мiddle немесе Senior деңгейінде. Сауалнамаға қатысқандардың жартысына жуығы кеңседе жұмыс істейді, ал өзгелері әлі де гибридті жұмыс форматын қалайды. Респонденттердің үштен екісі жергілікті немесе шетелдік компаниядағы жұмыс арасындағы айырмашылық жоғын айтады. Үштен бірі шетелдік фирмаға жұмысқа орналасқысы келеді. Респонденттердің 11%-ы тек қазақстандық компанияларда ғана жұмыс істеуге дайын.
IT-мамандар жұмыс істегісі келетін компаниялар үштігі
Компаниялар арасындағы рейтингтің көшбасшысы Yandex. Онда сауалнамаға қатысқандардың 63%-ы жұмыс істегісі келеді, ал 17% бұл компанияға жұмысқа тұруды қарастырмайды. Екінші орында Kolesa Group IT-компаниясы (фирмада жұмыс істегісі келетіндер 55%), үшінші орында — Air Astana (54%). Сондай-ақ қазақстандықтар жұмыс істегісі келетін топ – 10 компанияда – Tinkoff R&D биотех, Beeline телеком, Indrive такси агрегаторы, Kaspi, DataArt және Tele2/Altel мобильді операторы бар.
Рейтингте соңғы орындарды алған «Қазақтелеком» телеком-операторы болды. Респонденттердің 69%-ы бұл компанияда жұмыс істеуге дайын емес. Антирейтингте «Отбасы Банк» пен Eurasian Bank, Sulpak, Halyk Bank және Altyn Bank бар.
Бұл компаниялардың кемшілігі ретінде респонденттер төмен жалақы (65%), командадағы атмосфера (52%), нарықтағы бедел (45%) және кәсіби өсу мүмкіндіктерінің болмауын (44%) атаған.
Осыған дейін IT-дегі табысы мол әрі сұраныстағы мамандықтар жайлы жазған едік. Технологияның даму қарқыны үдеген сайын әр жаңа гаджетпен құрылғылардың интеграциясы қалыпты жағдайға айналады. 2019-2030 жылдар аралығында ондай құрылғының саны 7,6 млрд-тан 24.1 млрд-қа дейін көбейеді деген болжам бар. Ал ондағы табыс көлемі болса, 1,5 трлн-нан артады-мыс. Қолданушылар гаджеттерді өмір сапасын жақсарту үшін пайдаланады. Әрине, жақсы жағы көп. Әйтсе де, интеллектуал құрылғы санының көбейгені машиналар арасындағы қарым-қатынас қаупін, құпиялыққа қатысты проблемалар, жүйелерді бұзу мәселелерін туындатады. Осындай қауіп болғандықтан, осы өнімдерді жасап шығарумен айналысатын әрі деректерді жинап, пайдалана алатын білікті мамандарға сұраныс пайда болды. Демек, интернет заттары бағдарламалары бойынша білім алатын студенттер жабдық пен қауіпсіздік проблемаларын шешіп қана қоймай, алдағы уақытта осы салада эксперт болуды үйренеді. Осылайша энергетика, көлік, медицинаның техникалық сала маманы болып шығады. Тұрмыста пайдаланатын құрылғылар мен оның «тілін» табу интернет заттары бойынша оқытатын ЖОО-лардың еншісіне тиеді.