Қатарлық Lesha Bank «Бәйтерекке» тиесілі банкті сатып алуға ниетті
Қатар елінің Lesha Bank компаниясы қазақстандық «Бәйтерек» ұлттық компаниясына тиесілі банкті сатып алуға ниетті.
Катар инвест банкі Lesha Bank 2024 жылғы 14 ақпанда «Бәйтерек» холдингімен Қазақстандағы банкті сатып алу туралы алдын ала келісім жасасқан.
Инвестор банктің барлық Акционерлік капиталын сатып алатыны белгілі. Сондай-ақ мәміле тараптардың болашақта жасалатын түпкілікті келісім шарттарын сәтті келісуіне байланысты екендігі атап өтілді.
Айта кетейік, ҚНРДА басшысы Мәдина Әбілқасымова катарлық инвесторлар Bereke Bank-ты сатып алуға мүдделі екенін айтқан.
2023 жылғы тамыздан бастап «Бәйтерек» ҰБХ акционерлік қоғамы Bereke bank-тың акцияларының 100%-на ие болған. Банктің 12 839 114 қарапайым акциясы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының меншігінде.
Айта кетейік, 14 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарға ресми сапары кезінде бизнес өкілдерімен кездескен. Осы кездесуде Қатардың Power International Holding холдингі «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ні сатып алуды жоспарлап отырғаны белгілі болды. Бұл компания Tele2 және Altel брендтерімен жұмыс істейді. Бұл туралы «Қазақтелеком» АҚ Коммуникациялар департаменті хабарлаған.
«Қазақстанның ірі телекоммуникациялық операторы «Қазақтелеком» өзінің мобильді активтерінің бірі – «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ні (Tele2/ALTEL брендтері) Таяу Шығыстың жетекші конгломераты – Қатардың Power International Holding-ке сатуды көздеп отыр. Қағидаттар туралы тиісті үшжақты келісімге («Самұрық-Қазына» АҚ) бүгін тараптар Қазақстан Президентінің осы араб еліне ресми сапары шеңберінде қол қойды», – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, Қазақстан мен Қатар мемлекеті «Қашаған» кен орнында газ өңдеу зауытын бірлесіп салатын болды.
«QazaqGaz» ҰК» АҚ мен UCC Holding «Қашаған» кен орнында газ өңдеу зауытын салу жобаларын бірлесіп іске асыру туралы келісімге келді. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни арасындағы келіссөздің қорытындысы бойынша қол қойылған келісімшарттың бірі.