Ресейден келетін импорт есебінен жабылуы мүмкін: Қазақстан газ тапшылығы алдында тұр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
газ тапшылығы
Қазақстан газ тапшылығы алдына тұр. Фото: shutterstock.com

Қазақстан алдағы уақытта газ тапшылығын бастан кешіруі мүмкін. Жылдан-жылға артып келе жатқан сұранысты қамтамасыз ететін өндіріс аз. Halyk Finance сарапшыларының Қазақстанның газ саласына жасаған шолуында негізгі себептері жазылған.

Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібі тарихында басты назар мұнай өндіруге аударылып, ал газ секторы елеусіз қалып келеді.

Республиканың қазіргі мұнай-газ секторы өндіруші сегментінің жалпы ЖІӨ-дегі үлесі 11,3%-ын құрайды. Соның ішінде газ секторының үлесі тым төмен.

Ел аумағында ірі газ кен орындары орналасқанына қарамастан, олардың экономикасы күрделі, барлау мен өндіру қиын. Геологиялық барлауға кеткен шығынның ақталуы да оңай емес.

Сонымен қатар табиғи газ қорының басым бөлігі – жоғары күкіртті ілеспе газ. Бұл өз кезегінде кен орнын игеру мен газ өндіруді айтарлықтай қиындатады. Соның салдарынан газды өңдеу өзіндік құны жоғары болады.

Ал жер қойнауын пайдаланушылардан газ сатып алу бағасы әрқашан өндіріс шығындарынан төмен қалыптасады. Қазақстанда газ кен орнын игеру мен мұнайдан ілеспе газды бөлу – қымбат өндіріс болып тұр. Соның салдарынан инвесторлар бұл газ жобаларын қаржыландыру мен дамытуға қызығушылық танытпайды.

Газ өңдеу қуаты неге нашар

Инвестицияның болмауы және үкіметтің саланы дамытуға баса назар аумағанының нәтижесінде елде газ өңдеу қуаты жетіспей отыр. Ал газ инфрақұрылымы жаңғыртуды қажет етеді, ал ресурстық қордың негізгі бөлігі – мұнай өндірісінің жанама әсері. Сондықтан елде мұнай өндіруді арттыру немесе газ өндірісін дамыту деген таңдау алдында тұр.

Негізі елдегі ішкі тұтыну құрылымында газ көмірден кейінгі екінші орында болған. Алайда кейінгі жылдары газ тұтыну көлемі үлкен қарқынмен өсіп жатыр. Мәселен, 2015 жылы газдың үлесі 19 пайыз болса, 2022 жылы 26 пайызға жеткен. IHS Markit дерегі 2040 жылға қарай көмірдің үлесі 42%-ға дейін төмендеп, газдың үлесі 29%-ға дейін өсетінін айтады.

Жалпы құрылымында газ үлесінің өсуіне 2024 жылы «Қазақстан Республикасының өңірлерін газдандыру ауқымды бағдарламасының» қабылдануы әсер етті.

Сондай-ақ «Париж келісімі» шеңберінде Қазақстан көмірқышқыл газының шығарындыларын азайту жөнінде міндеттеме алған. Басқа отын түрлерімен салыстырғанда газ – Қазақстандағы ең экологиялық таза және ең арзан отын. Сондықтан газдың тұтыну құрылымындағы рөлі алдағы жылдары өсе береді. Оған газ тарифінің төмендігін қосып қойыңыз.

Газ тарифін нарықтан төмен бекіту арқылы мемлекеттік газ секторына шектен тыс араласуы саладағы проблемалардың қордаланып, елде газ тапшылығы туындауына әкелді.

Қандай шаралар қабылданды?

Қордаланған мәселелерді шешу үшін Қазақстан газ саласын ұзақ мерзімді дамыту мәселелеріне арналған бірқатар ресми құжатты қабылданды:

  • Қазақстан Республикасының газ саласын дамытудың 2022 – 20263 жылдарға арналған кешенді жоспары;
  • 2023 – 20274 жылдарға арналған ірі мұнай-газ және мұнай-химия жобаларын дамытудың кешенді жоспары;
  • 2023 – 20255 жылдарға арналған энергия тиімділігі мен газды ұқыпты тұтыну жоспары;
  • Қазақстан Республикасын газдандырудың 2023 – 2036 жылдарға арналған бас жоспары.

Halyk Finance сарапшылары үкімет бүкіл елде газ жүргізу мәселесінде асығыстық танытып отыр деп тұжырымдайды. Ірі инвестицияны қажет етуі, геологиялық барлау жұмыстарының ұзаққа созылуы, салған қаржының ақталуы ықтималдығы төмен болғандықтан, туындаған газ тапшылығын тек жаңа жобалар есебінен қысқа мерзімде толығымен жабуы екіталай. Мамандар ұзақмерзімді жобалар жылдам нәтиже бермейтінін еске салады.

Қазірдің өзінде ашылған және қолданылып жатқан газ өндіру жобаларының әлеуеті шектеулі. Ірі мұнай-газ жобалары ішкі нарықты газбен қамтамасыз етуге мүдделі емес, өйткені ішкі нарықтағы баға тиімсіз.

Сонымен қатар мұндай міндеттеме келісімшарттарда қарастырылмаған және келіссөз процесі кешіктірілуі мүмкін. Осыған байланысты алдағы уақытта жетіспейтін газ көлемі Ресейден келетін импорт есебінен жабылуы мүмкін.

Сарапшылар жаңа газ кен орындарын игерумен қатар, өнімге әділ баға белгілеу керек деп тұжырымдайды.

«Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушылар арасында өндіруге кететін шығын деңгейі әртүрлі екенін ескере отырып, тәсілді саралау қажет. Сонымен қатар тауарлық газды ұтымды және тиімді тұтыну қағидаттарын қалың бұқара арасында одан әрі танымал ету маңызды. Біз Қазақстанның газ державасы емес екенін есте ұстауымыз керек, газ ресурстары шектеулі және мұқият тұтынуды қажет етеді»,– дейді мамандар.

Үкімет биыл тауарлық газ бағасын 20%-ға қымбаттатуды жоспарлап отыр. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің тиісті бұйрығы «Ашық НҚА» порталына орналастырылған.

Негізінен Энергетика министрлігінің 2023 жылғы 6 маусымдағы №210 бұйрығымен Қазақстан ішкі нарығындағы тауарлық газдың 2023 жылғы 1 шілдеден 2028 жылғы 30 маусымға дейінгі кезеңге шекті көтерме бағалары: 2023 жылы – 12,2% , 2024 жылы – 9,1%, 2025 жылы-10,8%, 2026 жылы-11%, 2027 жылы-8,6% болып бекітілген..

Сондай-ақ оқыңыз