Жаңалықтар

Шетелдіктер үшін дизель отыны 450 теңгеден 295 теңгеге дейін арзандайды

дизель отыны
Мұнай өңдеу зауыттары мен мұнай базаларында дизель отыны артық / Фото: kursiv.media

Қазақстанда азаматтары мен шетелдіктер үшін дизель отынының бірыңғай бағасы белгіленеді. Энергетика министрлігінің бұйрығына сәйкес бұл отын бағасы бәріне бірдей бір литр үшін 295 теңге көлемінде бекітілген. Бұл жайлы «Ашық НҚА» порталына орналастырылған құжатта айтылған.

«Бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек саудада стационарлық автожанармай құю станциялары арқылы өткізудің шекті бағалары қосылған құн салығы есебімен мынадай мөлшерде белгіленсін: 1) Аи-80 маркалы бензин – 1 литр үшін 89 теңге; 2) Аи-92 және Аи-93 маркалы бензин – 1 литр үшін 205 теңге; 3) дизель отыны (жазғы, маусымаралық) – 1 литр үшін 295 теңге»,делінген министрлік бұйрығында.

Ал қолданыстағы бұйрық жобасында дизель отынының көлеміне шектеу енгізілген болатын. Ескі құжатқа сәйкес Қазақстан азаматтары бұл отынды тәулігіне 100 литрге дейін 295 теңгеден алатын. Ал жүк көліктерін жүргізушілерге берілетін көлемі тәулігіне 300 литрді құрайтын. Ал шетелдіктерге қойылған баға 1 литр үшін 450 теңге көлемінде болған.

Жаңа бұйрық жобасына сәйкес бұл шектеулер алынады. Оған себеп бүгінгі таңда еліміздің мұнай өңдеу зауыттары мен мұнай базаларында дизель отыны артық. Осыған байланысты үкімет шектеулерді алу туралы шешім қабылдаған.

«Бүгінгі таңда еліміздің мұнай өңдеу зауыттары мен мұнай базаларында дизель отынын артық болу фактілері бар. Аппараттық кеңестің қорытындысы бойынша ҚР Энергетика Министрінің тапсырмасын орындау мақсатында хаттамаға сәйкес, мұнай базаларында дизель отынының толып кету мәселесін реттеуге қатысты қолданыстағы бұйрыққа өзгеріс енгізу қажет»,  – делінген құжат түсіндірмесінде.

Еске сала кетсек, күзде мұнай компаниялары бензин мен дизель отынының бағасын көтеруді ұсынды. Олар Аи-92 маркалы бензин мен дизель отынының бөлшек бағасын 2024 жылдан бастап литріне 205 және 295 теңгеден 230 және 345 теңгеге дейін, ал қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарына (МӨЗ) жеткізу кезінде шикі мұнайдың құнын тоннасына 95-105 мың теңгеден 135-145 мың теңгеге дейін арттыру мәселесін көтерген.

Ал желтоқсан айында Эенргетика министрлігі Ұлттық экономика және Индустрия министрліктері бірлесіп, 2024 жылдың 14 ақпанынан бастап бензин, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлік құралдарын дайындаушы зауытпен көзделген бензин бактарында әкетуге тыйым салатын құжатты ұзартты. Яғни бұл бұйрық бір күні бұрын күшіне енді.

Негізінен дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге шектеу 2023 жылдың шілдесінде енгізілген болатын.