ҚТЖ 3 трлн теңгеге жуық қарызын қалай жабады – компания басшысы жауап берді
«Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының қарызы 2,9 трлн теңгеге жеткен. ҚТЖ АҚ басқармасы төрағасы Нұрлан Сауранбаев компания қарызынан құтылудың бірнеше тәсілін ұсынды.
«Расымен, компанияның қарызы 2,9 трлн теңгені құрайды. Ол қарыздан құтылудың бірінші жолы – тарифтерді көтеру. Өйткені бұл ақшаның басым бөлігі жаңа теміржол құрылысын салуға жұмсалды. Бірақ олардың инвестициялық бөлігі тарифке енгізілмеді. Екіншіден, қарызды капитализациялау есебінен қайтаруға болады. Егер Германия теміржолдарын мысал ретінде алатын болсақ, онда 40 млрд теңге капитализацияға жұмсалады. Егер мемлекет тарифтерді төмен ұстағысы келсе, оны субсидиялауы керек, болмаса тарифтерді көтеруі керек. Басқа жол жоқ»
Сауранбаев қарызы артқан компанияның шығындарды транзит көлемінің артуы есебінен өтеп отырғанын айтты. 10 жылда транзит тарифінің көлемі 100 есе көтерілген. Соның есебінен компанияның экономикасын қалыпты деңгейде ұстау мүмкіндігі туған.
«Біз қазіргі таңда мемлекетпен арнайы жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Соған сәйкес, 2028 жылы жасыл аймаққа өтеміз деп жоспарлап отырмыз. Компания жағдайының жақсаруына не себеп болды дегенге тоқталар болсақ, біздің қарызымыз азайған жоқ, тек оның құрылымы өзгеріске ұшырады. Өйткені дисконтталған қарыз көлемі артпайды. Бұл – ұзақмерзімді қаражат. Компания табысы артты. Соңғы үш жылда табыс 1,1 трлн теңгеден 2 трлн теңгеге жетті. Сәйкесінше қарыздың табысқа деген арақатынасы өзгерді. Осы 3 жылда компания рейтингі де көтеріліп келеді. Бұл компания жұмысының көрсеткіші бола алады», – деді ҚТЖ басшысы.
Расында, жақында ғана Moody’s халықаралық рейтинг агенттігі «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның ұзақмерзімді рейтингін Baa3-тен Baa2-ге дейін көтерді. Рейтинг болжамы – «тұрақты». Агенттіктің хабарлауынша, ҚТЖ рейтингінің өсуіне оның несие портфелі жақсарып келе жатқаны әсер еткен.
Сонымен бірге ҚТЖ басшысы жүк тасымалдарының басым бөлігін компания өз қаражаты есебінен жауып келе жатқанын айтты.
«ҚТЖ жүк тасымалы көлемінің 80 пайыздан астамы өзін-өзі ақтамайды. Яғни жүкті кім тасымалдаса да, компания бұл тасымалдауға кеткен шығынның жетпеген бөлігін өз есебінен жауып отыр. Яғни біз көмір, металл тасымалдаушыларының жүк тасымалын субсидиялап отырмыз. Бізге тарифтерді көтеріп жіберді деп ренжитін шығарсыздар. Бірақ сіздер көрші елдердің тарифін салыстырып көріңіздер. Ресейде тарифтер 3 есе жоғары. Соның өзінде олар компанияда үш рет капитализация жасады. Өзбекстанда тариф 17 есе жоғары», – деді.
Сауранбаевтың бұл айтқанын бүгінгі өткен Сенат жиынында Көлік министрі Марат Қарабаев та растады. Министрдің айтуынша тасымалданатын жүктердің 88 пайызы өзін-өзі ақтамауы себепті компания тасымалдарды 300 млрд теңгеге субсидиялайды. Сол үшін ҚТЖ-ның тарифтерін дифференциялау жоспарланып отыр.
«Тарифтік жүйеге дифференциация жасалады. Оған сәйкес отандық өнім экспортқа шығатын болса және дайын өнім болса оның бағасы өспейді. Ал шикізаттық өнім болса, оның тасымалдану бағасы қымбаттайды. Мұндағы мақсатымыз – шикізаттық өнімдерді ел ішінде терең өңдеуге ынталандыру. Бұған қатысты ережелер бекітілді. Енді әр тауар бойынша жеке-жеке жұмыс істейтін боламыз», – деді Қарабаев.
Журналистер «тарифті көтеру арқылы компания өзінің монополиялық жағдайын теріс пайдаланып жатқан жоқ па?» деп сұрады. Сауранбаев қазіргі таңда ҚТЖ-да демонополизациялау шаралары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Монополияға келер болсақ, ҚТЖ өзінің әлеуметтік саладағы медицина мен мектеп сынды нысандарын берді. Сонымен бірге вагондар бар. Вагондар жеке нарықта болуы керек деп шешті. Солайша ҚТЖ құрамындағы барлық вагон жекеге сатылып кетті. Қазіргі уақытта вагон парктері жекешелендірілген. Бірақ кейін компания көмір тасуға қажетті вагондарды қайта сатып алуға міндеттелді. Өйткені ЖЭО-ларды көмірмен қамту қажеттілігі туындады. Бұдан басқа вагондар бізде жоқ. Қазіргі таңда локомативтер паркін демонполизациялау жұмыстары жүріп жатыр. Ол бағытта пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Пилоттық жоба негізінде жекешелендірудің оңтайлы немесе теріс тұстарын бағамдай аламыз. Соған сай Үкімет шешім шығарады. Сондықтан әліптің артын бағу керек. Өйткені теміржол саласы – өте үлкен сала. Ойланбай жасалған қадам үлкен қателіктерге әкелуі мүмкін. Сол себепті бірінші пилоттық жобаны жүзеге асырамыз. Біз жеке нарыққа қарсы емеспіз. Өйткені ондағы бағалар нарыққа сай», – дейді Сауранбаев.
Еске сала кетсек, рейтингі мен табысы көтерілген компанияның қарызы артқан. ҚТЖ-ның ұзақмерзімді міндеттемелері 2 трлн теңгеден асқаны жайлы «Курсив» жазған. 2023 жылдың 9 айындағы қаржы есебінде компанияның міндеттемелері (қарызы) активтерінен 456,388 млн теңгеге артық екені айтылған. Соның 456,135 млн теңгесі есепті кезеңнен кейін 12 ай ішінде төленуге тиіс.
ҚТЖ-ның «Қазақстан халық банкі» мен Forte bank алдында 2 ірі қарызы бар. Компания басшылары кредиторлармен бұл қарызды есепті кезеңнен кейінгі 12 ай ішінде емес, кейін төлеу мәселесін келісіп жатқаны айтылған.
Ел Үкіметі, ҚТЖ-ның қызмет тарифі қымбаттағаннан кейін IPO-ға шығаруды жоспарлап отырғаны да хабарланған. «Қазақстан Темір Жолының» 5%-ға дейінгі акциясы 2025 жылы IPO-ға шығуы тиіс.